13 ҚАЗАНДА МЕКТЕП ПРЕЗИДЕНТІ САЙЛАНАДЫ

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әрбір оқушының мектеп өміріне етене араласуына жағдай жасайтын, мектеп дамуына елеулі ықпал ететін Student Council – оқушылар кеңесі жұмыс істейді.  Мектептің өзін өзі басқару ұйымына мүше болу  Зияткерлік мектеп оқушыларының көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға көмектеседі.   

Student Council өзін өзі басқару ұйымының Президентін сайлау науқанын  үстіміздегі жылдың 15 қыркүйек 13 қазан аралығында бірінші рет онлайн форматында ұйымдастырып отыр. Алайда, қиындықтарға қарамастан, сайлау  қойылатын барлық талаптарға сай өтуде. 15 қыркүйектен бастап Президент болуға үміткер кандидаттарды тіркеу басталды. Тіркеуден өткен үміткерлер бірден  үгіт, насихат жұмыстарын бастап кетті. Сайлау комиссиясының жоспарына сай 12 қазан -Тыныштық күні болып,  13 қазан таңдаған үміткер үшін дауыс беру –  мектеп Президентін сайлау күні болып бекітілді.

Сайлау  комиссиясы жұмысының  алғашқы күндері 9 үміткер тіркеуден өтті:

  1. Кабзаки Назерке 11Е
  2. Аусат Аружан 10А
  3. Тулеуов Ернур 11D
  4. Мұратбек Сұлтан 11В
  5. Жарылқасын Аяжан 11А
  6. Сарсенбай Мират 11А
  7. Макат Айханым 9Е
  8. Асанбаев Аділмұрат 9Е
  9. Жақсылық Алишер 9Е

Сайлау науқаны барысында үміткерлер әлеуметтік желілерде  белсенділік танытып, сайлаушыларды өз бағдарламаларымен таныстырды. Өз парақшаларында алға қойған мақсаттары туралы баяндап,  оқушылар ұйымының жұмысын жақсартуға бағытталған іс шара кешенін ұсынды. Мектеп өмірін қызықты да мазмұнды ету бойынша тың ұсыныстар жасап, бастама көтерген  әрбір үміткер  бұл істі атқару тек өзінің ғана қолынан келетінін дәлелдеуге тырысты. Мысалы, Кабзаки Назерке  мектептің бұрынғы түлектерінің қатысуымен  «Зияткерлік мектеп шабыттандырады» атты   бірқатар вебинарлар ұйымдастырды.   Үміткерлердің бірі Аусат Аружан «Біздің айналамыздағының бәрі  – біздің қатысуымызбен жасалған. Егер өзгерісті қажет етсең – іске көш!» – деп  жасампаздыққа үндейді. Аружан балалар ауруханалары мен қарттар үйіне көмектесетін волонтерлар клубының  жұмысын жандандыруды ұсынады. Төлеуов Ернұр Шанырақтар жұмысындағы кемшіліктерді көрсетіп, олқылықтардың орнын толтыратын ұсыныстары бар екенін айтады.  Мұратбек Сұлтан  мектеп оқушыларының көңіл-күйі мен проблемаларын дер кезінде анықтау үшін жүйелі сауалнамалар алып отыруды ұсынады. Сарсенбай Мират мектептегі олимпиадалық қозғалысты жандандыру керек деп санайды.  Макат Айханым  Зияткерлік мектептің қайырымдылық қорын құруды ұсынады. Жарылкасын Аяжан  сайлау науқаны кезінде  өз жобаларының бірі «Таланттар шоуын» онлайн ұйымдастырып, өз сайлаушыларымен танысып үлгеріпті. Асанбаев Әділмұрат  оқушылар кеңесінің жұмысына «референдум» ұғымын енгізу қажет деп ойлайды. Референдумдар оқушылар кеңесінің жұмысын түбегейлі  өзгертуге мүмкіндік береді» –  дейді Әділмұрат.  Айта кету керек, Әділмұраттың командасы жүргізетін  телеграмм канал insiderNis барлық үміткерлер туралы қызықты ақпараттар беріп, Президент болуға үміткер оқушылардың бағдарламаларын  кеңінен насихаттап жүр.

Алда  13 қазан – оқушылардың өзін өзі басқару ұйымының көшбасшысы анықталатын  мектеп өміріндегі маңызды күн. Үміткерлердің жаңалықтарын қалт жібермей әлеуметтік желелерден қадағалап отыруға, дұрыс таңдау жасауға шақырамыз.  Біздің  Президент – біздің таңдау!