«Планетамызды қорғайық» халықаралық қозғалыс көшбасшысы Зияткерлік мектепте

2017 жылдың 4 қыркүйегінде «Планетамызды қорғайық» халықаралық қозғалысының көшбасшысы, доктор Радженда Пачаури Нур-Султан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде кездесу өткізді. Кездесуге 11-12 сынып оқушылары, шетелдік ұстаздар мен STEM  мұғалімдері қатысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымында  ауа-райындағы  ғаламдық өзгерістер бойынша топқа жетекшілік ететін Нобель сыйлығының лауреаты, доктор Раджендра Кумар Пачауридің Зияткерлік мектепке бұл екінші рет келуі.  Маусым айында  Жазғы мектепке қатысушылар климаттың өзгеруін зерттеп жүрген әлемдегі беделді мамандардың бірі – доктор Пачауримен  бірінші рет жүздесіп, танысқан еді. Сол кезде  доктор Раджендра Кумар Пачаури  мырза әлемдегі экологиялық  мәселелерді шешу үшін  әлем жастары қатысатын халықаралық  POP (protect our planet) қозғалысына мүше болу туралы ұсыныс жасап, бірлесе атқаратын нақты шараларды белгілеген болатын.

Кездесу барысында мектеп директорының орынбасары Хасан Сабера  мырза атап көрсеткендей, «Зияткерлік мектеп Халықаралық POP(protect our planet) қозғалысына қосылған Қазақстандағы бірінші мектеп. Планетамызды қорғау әрқайсымыздан басталады. Егер біз жер шарын сақтауға көмегін тигізетін: мектепте электр жарығын үнемдеу, ауаның ластануымен күресу, біздің ең бағалы  қорымыз – суды сақтау мен үнемдеудің тиімді жолдарын қарастыру сияқты қолымыздан келетін қарапайым шараларды күнделікті орындасақ –  әлемді жақсартуға өз үлесімізді қосқанымыз . Доктор Радженда Пачаури  болса әлемді аралап, өз беделімен адамзат үшін аса маңызды жұмыстарға біздерді де ынталандыруда. Ол біздерді халықаралық қозғалыста қатар тұрып, әлемдегі ең өзекті мәселелердің шешімін табуда серіктес болуға шақырады».