АҚ ЖОЛ САҒАН, ТҮЛЕК-2023!

2023 жылдың 1 маусым күні Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2022-2023 оқу жылының аяқталуына орай «Ақ жол саған, Жас Түлек!» атты салтанатты жиын өтті.
 
Биылғы Соңғы қоңырау мерекесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісінің 15 жылдық мерейтойына арналды.
Салтанатты шарада оқушылар мен мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрағасы Әнуар Жанғозин, ата-аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Тауабилова, мектеп директоры Әсел Бисембинова құттықтады.
 
Биылғы оқу жылы елеулі оқиғаларға, жағымды жаңалықтарға толы болды, сәуір айында Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) өкілдері мектепті ре-аккредитациядан өткізіп, педагогикалық ұжым жұмысын жоғары бағалады.
 
2023 жылы мектебімізді 149 түлек бітірмек, олар 2010-2023 жылдар аралығында мектебімізді бітірген 1361 жастың қатарына қосылады. Биылғы түлектердің 7-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер, 16 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ұсынылған оқу озаттары.
Мектеп түлектерінің қатарында пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары бар.
 
Үстіміздегі оқу жылында жоғары сынып оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейін дәлелдейтін IELTS халықаралық емтиханың орташа нәтижесі 7,15-ті құрады, бұл республика көлеміндегі ең жоғары жетістік екенін атап өткен жөн. 27 оқушы ең жоғары 9 – дан 8 баллға қол жеткізді.
 
Қажырлы еңбек, оқудағы табандылық арқасында көптеген түлектер әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсті.
Республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Аружан Аусат «Шырмауық лигасының» Пенсильвания университеті жанындағы Wharton бизнес мектебінен шақырту алды. 2022 жылғы Халықаралық химия олимпиадасының күміс жүлдегері, Менделеев олимпиадасының жеңімпазы Санжар Бисенәліге әлемнің үздік он университетінің қатарына кіретін Калифорния технологиялық институтының (Калтех) гранты берілді.
 
Бүгінгі күні түлектердің көбі Канада, Гонконг, Оңтүстік Корея білім ордаларынан оқуға шақырту алғанын мектеп мақтан тұтады.
Мектеп оқушыларының жетістіктері мен табыстары мұғалімдер еңбегіне берілген баға болып табылады және оқу үдерісін одан әрі жетілдіре түсуге шабыттандырады.
 
Биылғы оқу жылында Республикалық пән олимпиадасына 36 оқушы қатысып, олардың 34-і, яғни 94% жеңімпаздар қатарынан көрінді.
 
Зияткерлік мектептер желісінде жаратылыстану-математика бағыты бойынша 21 оқушы орын алса, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 13 оқушы жүлделі орын иеленіп, Зияткерлік мектептер жілісінің рейтингісінде мектеп алғашқы үздік үштікке енді.
Сондай-ақ, 7 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауының жеңімпазы атанды.
 
Биылғы оқу жылында оқушымыз Айғаным Балташева Колумбияның Богота қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық ғылыми олимпиадада (IJSO) қола жүлдеге ие болды. Бұл мектеп мақтан тұтатын үлкен жетістік. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары Кирилл Ким мен Абылай Қабдулхадыр 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
 
Халықаралық олимпиадалардың жеңіс тұғырына көтерілген Айтбай Анара, Амиргалиев Тимур, Макашев Амир, Ахметова Наргиздің жетістіктері мектептің мерейін үстем етіп, беделін арттырды.
 
Өткен оқу жылында мектеп оқушылары оқуда ғана емес, өнерде, спортта және қоғамдық өмірде оң нәтижелер көрсетті.
Шахмат, тоғызқұмалақ, футзал және волейболдан мектеп командалары желілік спартакиадаларда бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды, өтпелі кубоктарға ие болды.
 
Мектептің «Неформат» вокалды-аспаптық ансамблі музыка мектептері мен өнер мектептері оқушылары арасында өткен халықаралық балалар шығармашылығы байқауында 1 орынды иеленіп, байқау лауреаты атағына ие болды.
 
2022 жылдың қыркүйегінде ЮНЕСКО мектеп клубы ЮНЕСКО жобаларына белсенді қатысқаны үшін, жасөспірімдер арасында белсенді ақпараттық-түсіндіру қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
 
«Ақ жол саған, жас түлек!» атты салтанатты жиында мектеп бітірушілерге арнап 7 сыныпта оқитын 100-ден аса оқушы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.
 
Сондай-ақ 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша білімі мен белсенділігімен, жетістігімен ерекшеленген оқушы-жұлдыздар шеруі өтті.