Республика күні қарсаңында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің қосымша білім беру педагогі Айтжан Есенұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. 26 қазанда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы К.Н. Шамшидинова мен мектеп ұжымы ардагер-ұстазды осынау мәртебелі мемлекеттік марапат алуымен құттықтады. Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте жұмыс істеген он жылдан аса уақытта мыңдаған оқушы Айтжан ағайдың арқасында қос ішектің құлағында ойнаумен қатар, нағыз қазақ – домбыра екенін жадына сіңіріп келеді. Мәдениет қайраткері, домбыра өнері мен дәстүрлі халық музыкасын зерттеуші 2022 жылдың мамырында Гиннесс рекордтар кітабына ұсынылған ең ауқымды домбыра сабағын өткізді. Талантты педагог әрі музыканттың жетекшілігімен құрылған мектептің «Жігер» домбырашылар ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, «Sun of Italy» итальяндық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері. «Жігер» әйгілі Шырмауық лигасындағы Гарвард және Массачусетс технологиялық институтының, сондай-ақ Бостон университетінің сахналарында өнер көрсеткен.