АЛДА – ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп ұжымы Білім күнін атап өтті.

2021-2022 оқу жылының басталуына арналған мерекелік іс-шаралар ерекше форматта ұйымдастырылды. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған салтанатты жиын тек 7-8 сынып оқушылары үшін өтсе, қалған білім алушылар мен ұстаздар мерекелік салтанат барысын тікелей эфирде бақылады.

Білім күнін мектеп ұжымын биыл толықтырған 200-ден аса жетінші сынып оқушылары – “Өркен” грантының иегерлері асыға күтті. Олар үшін қыркүйектің алғашқы күні ғылым әлеміндегі жаңа қадамның бастауы болмақшы.

Жетінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын оқу жылының басталуымен “Күй Анасы” республикалық қорының атқарушы директоры, композитор, профессор, Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Қуанышев құттықтады.

Төлеген Қуанышев күйші Дина Нұрпейісованың мерейтойы құрметіне  7-сыныптың 10 оқушысына домбыра аспабын сыйға тартты. Төлеген Қуанышев жеткіншектерді домбыра тартып үйренуге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға шақырды.

Дәстүр бойынша бұл күні мектептің шығармашылық ұжымдары: «Жігер» ансамблінің жас домбырашылары, «Неформат» вокалды-аспапты ансамблі, бишілер тобы өнерлерін көрсетті.

Салтанатты жиында мектеп директоры Мейрам Жәкенов республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын атап өтті. Мерекеге қатысушыларды Білім күнімен құттықтай отырып, Мейрам Әміржанұлы жаңа оқу жылының жарқын және жемісті, қызықты идеяларға, жаңа жаңалықтар мен жетістіктерге толы болуын тіледі.

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу құрметі 12-сынып оқушысы, оқу үздігі, халықаралық олимпиадалар жеңімпазы, “Алтын белгі” үміткері Альтаир Ашуровқа және 7-сынып оқушысы Әмина Нұрхатқа берілді.

Мектептегі алғашқы қоңырау барлық оқушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, Егемен еліміздің осы жылдардағы жетістіктері мен табыстары туралы алғашқы сабаққа шақырды.