АЛДИЯР МЕН ЕРАСЫЛ «ЖАС ҒАЛЫМ-2021» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Алдияр Пазилов және Ерасыл Тәуекел Кореяда өткен VII Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауында бірінші орынға ие болды.

Жеңімпаздарға халықаралық ғылыми жарыстың алтын медалімен қатар, Woosong университетінің оқу гранты ұсынылды.

Байқауға Алдияр мен Ерасыл орман өрттерін дәл анықтауға арналған, ғарыштық суреттерді талдауда жасанды интеллектті қолдану бойынша «Жаңа көзқарас» – «Орбиталық орманды өртті анықтау тәжірибесі» жобасын ұсынды. Дала мен ормандардағы дала өрттері бүкіл әлем үшін өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін жас зияткерлер дрондарда, наноспутниктерде және жерүсті станцияларда орнатылатын нейрондық желілерге негізделген жүйені ұсынады.

Жобаның ғылыми жетекшісі информатика мұғалімі – Нургалиева Сымбат Алтыбаевна.

«Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, осы уақыт аралығында оған Қазақстаннан 400-ден астам мектеп оқушылары қатысты. Байқауды ұйымдастырушылар – WOOSONG университеті және SolBridge Халықаралық бизнес мектебі (Корея, Дэджон).

Биыл байқау екінші рет қашықтық форматта өткізілді. Конкурсқа қатысушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа да елдердің университеттерінің оқытушылар құрамы бағалады.