Альнұр климаттың өзгеруін талқылаған әлемдік саммитке қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып  оқушысы, «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» ІХ Наурыз кездесулерінің жеңімпазы Альнур Акчурин климаттың өзгеруі бойынша оқушылардың әлемдік саммитіне қатысты.

 

 

World Summit of Students for Climate әлемдік саммиті ENO Schoolnet компаниясы, Йоэнсу және Хельсинки қалаларының әкімшіліктерінің, Финляндияның Қоршаған орта министрлігінің, Орман шаруашылығы және агромәдениет министрлігінің, Білім және сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Халықаралық саммит Финляндияға барлық континенттердің 70 мемлекетінен келген 135 оқушы мен 100 оқытушының басын қосты.

14-17 жас аралығындағы оқушылар өз елдерінің тәжірибесімен бөлісіп, климатқа қатысты мәселелерді шешуді талқылады. 5 маусымда, Дүниежүзілік қоршаған орта күні, Хельсинки мэриясында саммитке қатысушылар климат бойынша оқушылардың халықаралық келісімін қабылдады.

Альнұрдың айтуынша, саммит бағдарламасы өте мазмұнды да мәнді болыпты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылар климаттың өзгеруіне байланысты туындаған өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған іс-шаралар жоспарын  жасауға тырысты. Саммитке келген мектеп оқушылары  Финляндия мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесіп, халықаралық форумның ашылу салтанатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. «Саммит менің ой-өрісімді кеңейтіп, планетамызға төніп тұрған экологиялық қауіп, климаттық кризисті тоқтату үшін нақты іс-әрекетке көшуге ынталандырды» – дейді Альнур.