Жер туралы ғылымдар бойынша өтетін халықаралық олимпиада (IESO – International Earth Science Olympiad) орта мектеп оқушылары арасында геология, метеорология, геофизика, океанография және астрономия бойынша жыл сайын өтетін білім байқауы.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бірнеше рет IESO халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары қатарынан көрінген болатын. Мысалы, 2017 жылы Францияда өткен олимпиадада 10-сынып оқушысы Калымова Аружан мен 12-сынып оқушысы Шынғыс Мөлдір командалық есепте күміс медаль жеңіп алды. Ал 2018 жылы Тайландта өткен кезекті олимпиадада 11-сынып оқушысы Кажен Камила олимпиаданың екі түрлі жарысында алтын медальмен марапатталды.
21 қаңтарда мектепішілік жалпы саптүзеу кезінде мектеп ұжымы Қазақстан командасы құрамында келесі олимпиадаға қатысушы оқушыны қарсы алды. 2019 жылдың 26 тамызынан 3 қыркүйек аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін олимпиадаға Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Жолдасбеков Амир қатысатын болды.
12 қаңтарда Назарбаев Университеті базасында «Жас геолог» корпоративті қоры IESO олимпиадасына іріктеу байқауын ұйымдастырған болатын. Зияткерлік мектептің 15 оқушысы іріктеу кезеңіне қатысып, геология, геофизика, метеорология, океанография, астрономия бойынша ағылшын тілінде жазбаша тест орындады. Онда үздік танылған оқушылар келесі тур – сұхбаттасу-таныстырылымға жіберілді. Нәтижесінде 10 жүлдегерден төрт жеңімпаз іріктелді. Осындай күрделі сындардан сүрінбей өткен Амир Жолдасбеков Қазақстан құрама командасының құрамына енді. Қазір Амир «Жас геолог» қорымен бірге олимпиадаға дайындық жұмысын бастап кетті.
Зияткерлік мектеп Амирдің білім байқауында барын салатынына сенімділік таныта отырып, еліміздің құрама командасына сәттілік тілейді!