АРУЖАН АУСАТ – МЕКТЕП ПРЕЗИДЕНТІ

2020 жылдың 13 қазанында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары  Student Council – оқушылар кеңесі мен өзін өзі басқару ұйымының Президентін сайлады.   Сайлаушылар арнайы сілтеме бойынша таңғы сағат 9-дан түскі 15-ке дейін өздері таңдаған үміткерге дауыс берді. Дауыс беруге қатысқан оқушылардың белсенділігі олардың мектеп өмірін жақсартуға деген  ұмтылысын, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға деген құлшыныстарын байқатты.  Онлайн сайлау нәтижелері бойынша 10 «А» сынып оқушысы Аружан Аусат ең көп дауыс жинап, мектеп оқушыларының өзін өзі басқару ұйымының Президенті болып сайланды.  

Аружан  – қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген талапты оқушы. Театрлық қойылымдарда ойнап, вокалмен айналысады, мектеп бітіргенше бес тілде еркін сөйлеуді мақсат еткен ол тілдерді үйренуге көп көңіл бөледі. «Student Council – оқушылар кеңесі әрбір оқушының мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға, өз векторында дамуына  көмектесетін жайлы орта құруға ұмтылатын болады» –  дейді  жаңа сайланған Президент.

Сайлау науқанына қатысқан барлық  үміткерлерге бастамашылдығы, белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғыс айтамыз!  Жаңа Президент Аружан Аусат және оның командасына, оқушылардың өзін өзі басқару ұйымына нәтижелі жұмыс, игі бастамалар мен шығармашылық табыс тілейміз!