Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Президенті – Аружан Аусат республикалық «Зияткерлік мектеп көшбасшысы» атты сайыста жеңімпаз атанды.
Аружан өз әсерімен бөлісіп, «Зияткерлік мектеп көшбасшысы» байқауы туралы айтып берді:
«Үш кезеңнен тұратын «Зияткерлік мектеп көшбасшысы» байқауы 14 қазанда өтті. Ойын ережесіне сай бірінші айналым Kahoot платформасында жүргізіліп, қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап берді. Сұрақтар қиын болмағанымен 21ойыншыдан жылдамдықты, зейінділікті талап етті. Бірінші кезеңде жоғары ұпай жинаған 10 үздік ойыншы іріктеліп, байқаудың екінші кезеңіне жіберілді. Екінші айналым Абайдың 175-жылдық мерейтойына арналды, сұрақтар ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы негізінде болды. Бұл кезеңде алғашқы дұрыс бес жауап қана есепке алынды. Бағыма орай менің жауаптарым қабылданып, финалға жіберілген алғашқы бестікке кірдім.
Ойынның үшінші кезеңі Зияткерлік мектептерде жүзеге асып жатқан «100 кітап», «1001 мақал», «100 ән», «Ұлы дала ақындары» сияқты жобалар жайлы болды. Бұл жобалар туралы айтып отырып, Зияткерлік мектептерде орныққан ерекше ортаны басқаша сезінгендей болдым.
Байқауға қатысқан белсенді зияткерлердің барлығы дерлік дарынды, алдына нақты мақсат қойған талапты, ашық балалар екен. Бұл ойын біздің бірлігімізді нығайтып, пайым, парасатымызды арттыруға мүмкіндік берді деп санаймын. Басқа президенттерге қарап, маған әлі көп нәрсе білу керек екенін түсіндім. Өз деңгейімді көтеруге, өзгелердің де дамуына ықпал етуге деген ниетім арта түсті.
«Зияткерлік мектеп көшбасшысы» менің мектеп Президенті ретінде қатысқан бірінші ресми іс-шара болғандықтан, өз мектебімнің намысын жібермеуге тырысып бақтым. Қанаттандырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға шабыттандыратын осындай ойынды ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді».
Мектеп ұжымы өз Президентін осынау алғашқы үлкен жеңісімен құттықтап, Аружанға оқуда және қоғамдық жұмыстарда жаңа табыстар тілейді!
