18 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әлемге танымал астроном және жанартаутанушы ғалым, доктор Розали Лопеспен кездесу өтті. Кездесу АҚШ Елшілігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жас зияткерлер әлемдегі белсенді жанартауларды ең көп зерттеген ғалым ретінде Гиннестің рекордттар кітабына енген адаммен танысты.
Жанартаулар мен ғаламшарлар геологиясымен айналысатын Доктор Лопес НАСА-ның Кассини және Галилео жобаларын жүзеге асыратын реактивті қозғалыс зертханасының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. Розалия ханым – ғарыш саласында шығатын ғылыми Icarus журналының редакторы болған бірінші әйел, 125 ғылыми жұмыс жариялаған зерттеуші ғалым. Ол «Путеводитель по вулканам», «Вулканы: руководство для начинающих», «Вулканические миры: исследование вулканов Солнечной системы», «Чужие вулканы» атты сегіз кітаптың авторы.
Кездесу барысында американдық ғалым оқушыларға өзінің өмір жолы, Бразилияда туған, ғарышты тануға құмар қыздың арман қуып, ғылымға қалай келгені туралы баяндап берді. Сондай-ақ таныстырылым барысында ол жанартаулар пайда болуы, НАСА-ның ғылыми ізденістері мен зерттеулері жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті. Оқушылар Cassini зонды түсірген алыстағы планеталардың суреттерін қызыға қарап, Сатурн планетасын зерттеген американдық автоматтандырылған Кассини станциясының жұмысы туралы беріле тыңдады.
Жанартаутанушы ғалым Сатурн планетасының ең ірі серігі Титандағы мұз жанартаулары, Cassini зондының Сатурнға жеті жылда ғана ұшып жеткені, Юпитердің Ио серігінде белсенді жанартаулар мен лава көлдерінің көптігі туралы келтірген қызықты деректері оқушыларды таң қалдырды.
Доктор Лопес оқушылар қойған «Марста тіршілік бар ма?», «Ғарыштағы кеме қалдықтарын қалай жинауға болады?», «NASA мен SpaceX айырмашылығы неде?», «Жер планетасына қандай қауіп төнуі мүмкін? » деген сұрақтарға жалықпай жауап берді.
Кездесу соңында белгілі ғалым, астроном зияткерлермен бірге естелік суретке түсіп, қолтаңба таратты.