Отан қорғаушылар күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тұратын оқушылар ғарышкер Айдын Ақанұлы Айымбетовпен кездесті. Қазақстанның халық батыры, авиация генерал-майорымен кездесуге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Светлана Багитовна Испусинова қатысты.
Айдын Ақанұлы Айымбетов – ғарышта 10 күн өткізген, Қазақстанның экологиялық проблемалы аймақтарына (Арал теңізі) қатысты 75 ғылыми зерттеу, Жер бедерінің мониторингін жүргізген еліміздің үшінші ғарышкері.
Кездесу барысында оқушылар қойған сұрақтардың барлығына жалықпай жауап берген Айдын Ақанұлы өзінің қалай ғарышкер болғаны туралы айтып берді. Ол бала кезінен ғарышқа ұшу туралы армандайды екен, ата-анасы оның асқақ арманына жетуіне барлық жағдай жасап, қолдау білдіріпті. Мектепті алтын медальға бітіргеннен кейін Айдын Ақанұлы Армавир қаласындағы әскери-әуе училищесіне оқуға түседі. 2002 жылы 30 жасында ұшқыш ғарышкерлер отрядына қабылданады. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ол Союз ТМА-18 кемесімен ғарышқа сапарға аттанды.
Ғарыштан қайтқан ғарышкерлердің денсаулығына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беру барысында Айдын Ақанұлы ғарыштағы 10 күн ішінде бойының 5 сантиметрге өскені туралы қызықты дерек келтірді. Жерге оралғаннан кейін бойы қайта қалпына келген. Сондай-ақ оқушылар ғарышкерлердің орбитадағы өмірі, ғарыш станциясының жұмысы туралы көптеген мәліметтер алды.
Кездесу барысында жатақхананың домбырашылар ансамблі құрметті қонаққа арнап «Балбраун», «Сарыарқа» күйлерін орындап берді. Абуова Айбибінің орындауындағы «Моя Земля» әні мен сый-кәде тарту етті.