Асқақ арманмен жарқын болашаққа

2018 жылдың 25 мамыры күні Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017-2018 оқу жылының аяқталуына орай «Асқақ арманмен жарқын болашаққа» атты салтанатты іс-шара өтті. Биылғы соңғы қоңырау мерекесі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналды.

2017-2018 оқу жылын Зияткерлік мектепте оқитын 969 оқушы аяқтайды, ал мектепті 164 түлек бітіреді. Мектеп бітірушілердің 14-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер, 36 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ұсынылған. Пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары болған түлектер мектептің «алтын қорын» құрайды. Олардың қатарында  халықаралық пән олимпиадасының (математика) жеңімпазы  Казихан Марғұлан, республикалық математикалық турнир жеңімпазы Мужиков Дархан, республикалық ғылыми жобалар жарысының жеңімпазы Жахин Ахат пен Гаухар Жанысбаева, Францияда  өткен «IESO» (International Earth Science Olympiad) – Жер туралы ғылымдардың Халықаралық олимпиадасына қатысқан Шынғыс Мөлдір,  халықаралық IELTS емтиханында 8,5 ең жоғары нәтиже көрсеткен Муратбаев Арманжан, спорт шебері, каноэ мен байдаркадағы есуден Азия чемпионы,  әлем Чемпионатына қатысқан Акчурин Ануар бар.

Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші 164 түлектің  106 Назарбаев Университетіне SET емтиханын тапсырып,  іріктеу конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, түлектердің бірқатары шетелдік жоғары оқу орындарынан шақыру алып үлгерді. Мысалы, Мустафина Анель Жапонияның The University of Tokyo университетінің оқу грантына ие болды. 1 оқушы Финляндияның, 8 оқушы Гонконгтың, 2 оқушы Оңтүстік Кореяның,  2 оқушы   АҚШ-тан,  4 оқушы – Ұлыбританиядан, 2 оқушы Ресейден оқуға шақыру қағаздарын алды. Биылғы жылы мектеп бітіретін түлектердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсететін IELTS емтиханының  орташа нәтижесі 6,7 ұпайды құрағанын мақтанышпен айтуға болады.

Оқушылар мен мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен арнайы шақырылған қонақтар, мектеп директоры мен мұғалімдер құттықтады. Мектеп бітірушілерге арнап 150 оқушыдан тұратын домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа» күйі мен Моцарттың «Турецкий маршын» орындады. Мерекелік салтанатта «ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА»  атты флешмоб ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектеп директоры Мейрам Жакенов “Intel School Awards – 2018” байқауының қорытындысы бойынша «Жылдың үздік оқушысы», «Үздік белсенді», «Үздік шығармашылық ұжым», «Жылдың оқырманы» мен «Үздік шаңырақ» номинацияларының жеңімпаздарын марапаттады.