Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтетін «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты соңғы қоңырау мерекесі туралы баспасөз мәлімдемесі

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтетін «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты соңғы қоңырау мерекесі туралы

баспасөз мәлімдемесі

25 мамыр 2019 жыл                                                                                           

Нұр-Сұлтан қаласы

2019 жылдың 25 мамыры күні Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2018-2019 оқу жылының аяқталуына орай «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты салтанатты жиын өтеді. Биылғы Соңғы қоңырау мерекесі Жастар жылына арналады.

Салтанатты шарада оқушылар мен мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен арнайы шақырылған қонақтар, мектеп директоры мен мұғалімдер құттықтайды. Мектеп бітірушілерге арнап 7 сыныпта оқитын 120 оқушы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындайды.

Мерекелік салтанатта «Шежіреден сыр шерткен» – театрландырылған көрініс және «Түлектерге тілек» атты қойылым жоспарлануда. Сондай-ақ дәстүрлі “Intel School Awards – 2019” байқауының қорытындысы жарияланып, білімі мен белсенділігімен ерекшеленген «Жылдың үздік оқушысы» анықталады. Биылғы оқу жылында Халықаралық және Республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жарыстарында мектебіміздің оқушылары 6 алтын, 12 күміс, 26 қола медаль алып, 44 жүлделі орын иеленді. Білім байқауларына белсене қатысып, көзге түсіп жүрген оқушылар қатарында 11С сынып оқушысы Мұратов Әділхан мен 10Е сынып оқушысы Исмагулов Темирланды айырықша атап өтуге болады. Әділхан информатикадан өткен Еуразиялық олимпиада, республикалық пән олимпиадасы, Мәскеуде өткен «Технокубок» олимпиадасы, халықаралық «Туймаада» олимпиадасы, халықаралық Жаутыков  олимпиадасының жүлдегері. Темірлан Исмагулов жаратылыстану ғылымдары бойынша өткен халықаралық олимпиаданың, физикадан республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық Жаутыков  атындағы олимпиаданың жүлдегері. Австралияда өткен халықаралық Азия олимпиадасына қатысқан Темірлан «Жылдың үздік оқушысы» танылды.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында «Үздік белсенді», «Үздік шығармашылық ұжым», «Жылдың үздік оқырманы» мен «Үздік шаңырақ» марапатталады.

2018-2019 оқу жылын Зияткерлік мектепте оқитын 962 оқушы аяқтайды, 200 түлек мектеп бітіреді. Мектеп бітірушілердің 16 «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер, 30 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ұсынылған. Пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары болған түлектер мектептің «алтын қорын» құрайды. Олардың қатарында 2018 жылы экономикадан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері, МФЦА қаржы олимпиадасының жүлдегері Айткалиев Аян, республикалық пән олимпиадасында жүлдегер болған Мауленова Алина,  Тайландта 2018 жылы өткен Жер туралы ғылымдар (IESO) халықаралық  олимпиада жеңімпазы Қажен Камила, республикалық робототехникадан WRO-2018 олимпиадасының жүлдегерлері Сарбасова Алика мен Маукей Зульфхар, республикалық ғылыми жобалар жарысының жеңімпазы Молдағали Шынғыс, Жаркешов Нұртас, Темірзақұлы Бақберген мектеп тарихында өз қолтаңбасын қалдырды.

Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші 200 түлектің 80 Назарбаев Университетіне SET емтиханын тапсырып,  іріктеу конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, түлектердің бірқатары шетелдік жоғары оқу орындарынан бірнеше шақыру алып үлгерді. Мысалы Рабатова Асель АҚШ, Канада, Голландия сынды мемлекеттердің 11 жоғары оқу орнынан шақырту алып, Сан-Францискодағы белгілі білім ошағы  Minerva Schools at KGI-ны таңдады. Арапова Мадина АҚШ-тың беделді оқу орны – University of Pennsylvania толық оқу грантын алды. Йылдыз Мелиса АҚШ-тың Carnegie Mellon University –нен  шақыру алды, Айткалиев Аян Сингапурдың Yale-NUS College толық грантын иеленді. Кейкина Бану және Қайсар Аружан Жапонияның Nagoya University-нің толық гранты берілген студенттері болмақшы.  Бекболатұлы Арман Финляндияның Aalto University толық гранты бойынша оқуға шақыру алды, Мерген Серікбек Германияның University of applied sciences Wurzburg-Schweinfurt толық грантын ұсынды. Қуанышева Арайлым мен Жұмаева Мерейге  Гонконг  Polytechnic University тегін оқуға ұсыныс жасады.  Кажен Камила мен Үртай Аруза – Гонконг Университетінің толық оқу грантын ұтып алғанын мақтанышпен айтуға болады.Түлектердің әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарын таңдау мүмкіндігі IELTS, SAT сынды халықаралық емтихандарда жоғары нәтиже көрсетулеріне байланысты.  2019 жылдың түлектері  SAT емтиханы бойынша өте жоғары нәтиже көрсетті. Емтихан тапсырған оқушылардың орташа ұпайы –1414 (макс. ұпай -1600). Ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын халықаралық IELTS емтиханы бойынша орташа көрсеткіш – 6,6 құрайды.

2018-2019 оқу жылының аяқталуына арналған «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты салтанатты саптүзеу физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде   25 мамыр  сағат 9.00-да  өткізіледі.

 

Баспасөз қызметі

Телефондар : 87172 -55-89-01

Астана қаласы, Хусейн бен Талал көшесі, 21 үй