31 қазанда Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте волейболдан ІІІ аймақтық спартакиада басталды.
31 қазан мен 2 қараша аралығында Астана, Петропавл, Көкшетау қалаларының Зияткерлік мектептері, Астана қаласындағы халықаралық мектеп пен Халықаралық бакалавриат мектебінің жас спортшылары арасында спорттық кездесулер өтті. 10 команда аймақтағы ең үздік волейбол командасы атағы үшін күш сынасты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Даму департаментінің директоры Рустам Әбілов жас спортшыларды құттықтап, спартакиаданың барлық қатысушыларына сәттілік тіледі. Рустам Жұмабекұлы спартакиада өткізудің маңыздылығы оқушыларға өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, бейресми жағдайда басқа мектептердегі құрдастарымен тіл табысып, достық қатынас орнату екендігін атап өтті.
Спартакиада аясында өткен барлық ойындар мектептің ресми Youtube арнасынан тікелей эфирде жарияланды. Ойын барысына комментатор позициясынан 9Д сынып оқушылары Жұмаш Әлтаир мен Биахмет Әмірәлі шолу жасап отырды.
2 қарашада мектептің спорт залында NIS оқушылары арасында өткен ІІІ аймақтық спартакиаданың финалдық кездесулері мен жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Астана кезеңінің қорытындысы бойынша елордалық Зияткерлік мектептердің ұлдар мен қыздар арасындағы үш команданың да құрмет тұғырына көтерілуі – спартакиаданың сенсациясына айналды.
Ұлдар командасы арасында халықаралық бакалавриат волейболшылары чемпион атағына ие болды, екінші орында – физика-математика бағытындағы NIS құрамасы, ал қола жүлдені Халықаралық мектептің ойыншылары еншіледі.
Қыздар арасындағы волейболдан петропавлдық командаға қарсы финалдық ойында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS құрамасының жеңісі чемпиондық атақты растады. NIS IB марапаттар жинағын күміс медалмен толықтырса, қола медалді Халықаралық мектеп қыздары алды.