Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тұратын оқушылар үшін түрлі іс-шаралар жүйелі өтетіндіктен бір кеш бір кешке ұқсамайды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жатақхана тәрбиешілерімен қатар ата-аналар да белсене қатысады. Ата-аналар «Ақ бұлақ» клубына бірігіп, балалар үшін керек іс-шараларды жоспарлап та қойған. Жоспарда саяхаттар мен кездесулер өткізу, түрлі танымдық жорықтарға шығу көзделген. «Ақ бұлақ» клубының жоспарына сай жақында жатақханаға белгілі суретші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан дизайнерлер Одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, «Құрмет» орденінің иегері – Мұхтар Қайратұлы Байбосын келді.
Оқушылар үшін шеберлік сағатын өткізген қылқалам шебері сурет өнерінің қыр-сырын ашуға тырысты. Мұхтар Қайратұлы алдымен барлық заттың сыртқы пішінін, сосын түсін зерттеп үйрену қажеттігін ескіртті. Сабақ барысында суретті қалай әрлеу керек екенін түсіндірді, бояу барысын көрсетіп, сауатты сурет салуға үйретті.
Сабаққа асқан қызығушылық танытқан оқушылар суретшінің нұсқауларын мүлт жібермей орындауға тырысты. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» дегендей балалардың бар ынтасымен салған суреттері жап-жақсы шықты. Қылқаламын серік етіп, кереметтей туындыларды дүниеге әкелген атақты суретші өткізген сабақ оқушылардың есінде ұзаққа қалатыны сөзсіз. Өйткені бұл сабақ сурет өнерінің адамның қиялын, кеңістікті қабылдауын, есте сақтау қабілетін дамытып, зейінін арттыратынын, ерекше көңіл-күй сыйлатынын тағы да дәлелдеді.