Ата-әжелерге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады

Жыл сайын жаңа жылдық мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары түрлі әлеуметтік акциялар ұйымдастырады. Жақында жас зияткерлер елордалық қарттар мен I, II топтағы мүгедектерге арналған «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып қайтты.

«Каспий», «Алатау», «Жетісу» Шанырак бірлестігіндегі оқушылар қарттар үшін жаңа жылдық сыйлықтар мен  мерекелік концерттік бағдарлама дайындады. Орталықтағы қамқорлықтағы адамдар оқушылармен бірге ән салып, ойын ойнады.

Кездесу соңында  қариялар балаларға өздерінің ыстық ықыласы мен ризашылығын білдірді. Жылылық пен мейірімге мұқтаж жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған балалардың өздері де қуанышқа кенелді.

«Білімдінің сөзі — ем, мейірімі көп, өзі кең» – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай жас зияткерлер жаңа жылда да қайырымдылық шараларын жалғастырып, мейірімі көп, көңілі кең болуға дағдылана бермек.