Қазақстан тарихы мен Құқықтану негіздері бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды

 

3-7 қаңтар аралығында Зияткерлік мектеп оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың III желілік кезеңі  өткен болатын. 7 қаңтар 2019 жылы Нур-Султан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан тарихы мен Құқықтану негіздері бойынша өткен желілік олимпиаданың жабылу салтанаты болып өтті.

Олимпиадалық жұмыстарды  бағалаған Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің  оқытушылары жас зияткерлердің білімі мен білуге деген ұмтылысын жоғары бағалады. Қазылар алқасының мүшелері желілік олимпиадада жеңімпаз атанған  жас зияткерлерді марапаттап, арнайы дипломдарды табыс етті.

Қазақстан тарихы бойынша –

  1. Жүзтан Сымбат, 10-сынып, НЗМ Шымкент ХБН
  2. Еділов Азат,11- сынып, НЗМ Павлодар ХБН

Құқықтану негіздері

Мадеткаримова Замзагуль, 10-сынып (НЗМ Павлодар ХБН )

Канибетова Аружан, 11-сынып (НЗМ Павлодар ХБН )

 

«Олимпиада мен үшін өзімді тану, өзімнің білім деңгейімді таразылау. Бұл білім байқауындағы жеңіс ұзақ та тиянақты дайындықтың жемісі. Мен бүгін өте қуаныштымын» – дейді өз әсерімен бөліскен Азат Еділов, Павлодар қаласынан.

Шымкент қаласындағы химия- биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Жүзтан Сымбат та жеңімпаздар қатарынан көрінді. «Мен олимпиаданы ұйымдастырушылар мен олимпиадаға қатысу мүмкіндігін берген мектебіме алғысымды білдіремін. Тарихты терең білуге, жаңа биіктерді алуға  ынталандырған менің ұстаздарым. Олимпиадаға қатысушылар бар күшін салғаны рас, бірақ табандылықпен дайындалған оқушылар ғана жеңімпаз атанды» – дейді Сымбат.

Олимпиадада үздік нәтиже көрсету үздіксіз жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесі екені сөзсіз. Тарихпен қызыға әуестенетін  Аружан Канибекованың айтуынша пән олимпиадасына қатысу – тек мектепте алған білімді тексеру ғана емес, ол үздіксіз іздену, өзін-өзі дамыту жолы.

Желілік олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Назарбаев Зияткерлік мектептер намысын Республикалық олимпиаданың шешуші кезеңінде қорғайтын болады.

Алдағы білім сайысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» командасына сәттілік тілеген Нур-Султан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас өнерпаздары барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға ән мен биден шашу шашты.