Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 14 -25 аралығында американдық әлемге танымал білім ошағы – Массачусет Технологиялық университетінің екінші курсында оқитын екі студент Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтуде.
Американдық студенттер – Эндрю Сорэнсон мен Эшли Уонг Астанаға MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында келіп отыр. «Global Teaching Labs» жобасының негізгі мақсаты шетелдік студенттер көмегімен түрлі воркшоптар мен топтық немесе жеке жұмыс жүргізу арқылы Зияткерлік мектеп оқушыларының тілдік дағдысын дамыту болып табылады
Тағылымдама барысында студенттер физика және математикадан сабақ береді, мектеп оқушыларына Массачусет университетінде оқу ерекшелігі туралы айтып, ондағы студенттік өмірмен таныстырады.
Зияткерлік мектеп мұғалімдері мен оқушыларымен сұхбаттасу кезінде өздері де Қазақстан туралы біліп, біздің мәдениетімізбен, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен танысады, қазақ және орыс тілдерінде сөйлеп үйренеді, жаңа достар табады.
Екі апта бойы американдық студенттер үшін театр мен мұражайларға бару, Елорданың көрікті орындарын тамашалау сияқты бағдарлама ойластырылған.
Біздің елге келгелі Эндрю мен Эшли біраз жерлерде болып та үлгерді; Нұрәлемді, «Думан» океанариумын тамашалап, «Барыс» хоккей клубының ойынында жанкүйер болды. Аязды күні сырғанақ теуіп, ұмытылмастай әсер алды.
«Маған оқып-үйрену және өзгеге үйрету ұнайды. Бұл менің алғашқы алыс сапарым, мен осы өлкемен танысып, өзім үшін Қазақстанды ашып жатырмын. Зияткерлік мектеп оқушыларының жақсы оқуға мүмкіндіктері өте көп. Бұл жерде бәрі ақкөңіл әрі кішіпейіл екен» – дейді Эндрю. Эшлиге Астана мен ұлттық тағамдар қатты ұнапты. Ол Елорданың күннің суықтығына қарамай тоқтаусыз қыдыра беруге болатын сұлу қала екенін, ал қатты аяздың өзін еш қорқытпайтынын, керісінше қуантатынын атап өтті.