Ұлттық валюта – Теңгенің 25 жылдығына орай Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зиятккерлік мектебінің жатақханасында беделді қаржы институты – «Қазақстанның Даму Банкі» қызметкерлерімен кездесу өтті.
Зияткерлік мектеп оқушыларына қонаққа ҚДБ басқарушы директоры Ан Ольга Эдуардовна, басқарма бөлімдерінің басшылары Қайынбаев Серік Жұмаханұлы мен Сүлейменов Ербол Сейткасымұлы, ДКА басқарма басшысы Сабырбаева Асемгүл Рашидовна, ҚДБ бағалау департаментінің директоры Цой Жанна Валентиновна, техникалық талдау басқармасының бастығы Кзылбаев Әлім Тлеулесұлы келді.
Банк қызметкерлері «Қазақстанның Даму Банкі» туралы таныстырылым өткізіп, мемлекеттің инвестициялық саясатын іске асыру мақсатымен құрылған банктің құрылымы туралы баяндап берді. Сондай-ақ балалармен сұқбат барысында қаржыны сақтау және көбейту, қаражатты дұрыс басқара білу туралы әңгіме өрбітті.
Жас интеллектуалдар қонақтарды асқан қызығушылықпен тыңдап, көптеген дәйекті сұрақтар қойды. Балалар қаржы саласындағы сұранысқа ие мамандықтар, аудитор жұмысының мазмұны туралы сұрап, жан-жақты жауап алды.
Кездесудің алғашқы сәтінен бастап қонақтар банк ісіне деген балалардың қызығушылығын атап өтіп, оларға өздеріне көрсетіліп отырған ерекше ықылас, қызықты сұрақтар үшін алғыс айтты.
Кездесу соңында оқушылар қонақтарға өздері тұрып жатқан жатақхананы көрсетіп, оларды робототехника бойынша жасалған жобалармен таныстырды. Банк қызметкерлеріне арнап домбырашылар ансамблінің мүшелері төгілте әсем күй орындап берді.
Аманғали Қуаныш, 12 «L» сыныбының оқушысы: «Бүгін мен Қазақстанның Даму Банкі қызметкерлерімен кездесуді асыға күттім. Келген қонақтар өздерінің мансап жолдары, қызметтеріне қалай келгені туралы айтып, бізді өзімізді дамытуға, жаңа ізденістерге қанаттандырды. Мысалы, Ербол Сүлейменов бала күнінен қаржы қызметкері болуды армандапты, арманына жету үшін көп еңбек еткен ол банктің басқарма бастығына дейін көтерілген. Кездесу менің қаржылық сауатымды да аша түсті. Бізге осындай мүмкіндіктер берген кездесу үшін айтар алғысым шексіз»
Сакенова Арнура,12 «D» сыныбы: «Осындай кездесуге қатысқаныма қуаныштымын. Бұл кездесу арқасында өзімді толғандыратын сұрактарға жауап алдым. Болашақтағы бағдарыма біршама өзгерістер енгізу туралы ой салды. Кездесуді ұйымдастырған жатақхана қызметкерлеріне, келген қонақтарға алғысымды білдіремін».