Ғажайыпқа толы ғарыш көрмесін тамашалады

6-қыркүйек күні Назарбаев Зияткерлік мектеп жанындағы жатақхана тәрбиеленушілері  Ұлттық ғарыш орталығында «Аспан мен жер арасында» тақырыптық ғарыш көрмесін тамашалады.

Елордамыз Нур-Султанның 20 жылдығына орай арнайы ашылған  «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Тулуза (Франция) ғарыштық қалашығының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған көрме екі тақырыптық экспозициядан тұрады. «Кометалар – планета жүйелерінің негіз салушылары» және «Су: жоғарыдан қарағандағы көрініс» атты экспозиция экспонаттарын  Зияткелік мектеп оқушылары қызыға тамашалады. Көрмені асқан қызығушылықпен қараған балалар планеталар сияқты Күнді айналып жүретін кометалар туралы көп мағлұматтар алды. Кометалардың  Жерге су келуінде маңызды рөл ойнайтын күн жүйесінің құрылуындағы аса маңызды кішкентай бөлшектер екенін білді. Сондай-ақ Айдын Айымбетовтың скафандры, Қызылорда облысы Нур-Султан тойына сыйға тартқан «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының, сондай-ақ «Боран» орбита кемесінің үлгілері жас физиктерге үлкен әсер қалдырды. Көрмедегі интерактивті стендтер мен панельдер, ақпараттық паннолар мен басқа да экспонаттар аспан объектілерін, табиғаттың тылсым күшін жақсырақ түсінуге ықпал етті. Көрмеден алған әсерлерімен бөліскен балалар осындай саяхатты ұйымдастырған ата-аналар мен жатақхана ұжымына алғыстарын  білдіріп, көрмені қайта тамашалауға  дайын екендіктерін, мұндай игі істердің жалғасын табуын қалайтындықтарын жеткізді.