Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық білім додасында NIS намысын қорғайтын жүзден жүйрік үздіктерді анықтайтын желілік олимпиада басталды. 19 ақпанда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өтетін желілік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Қашықтан ұйымдастырылған олимпиаданың желілік кезеңі 22 ақпаннан 3 наурыз аралығында өткізілмекші.
Пән олимпиадасына еліміздегі Зияткерлік мектептерде оқитын 700-ден аса оқушысы қатысады. Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің намысын 9-12 сыныптарда оқитын 34 оқушы қорғайтын болады. Мектепішілік іріктеу кезеңінің жеңімпаздарынан тұратын құрама команда білім бәйгесінде 15 пән бойынша білімдерін сынға салады. Беделді әділ қазылар алқасының құрамында – әр жылдары республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған, бүгінде әйгілі ЖОО-лардың табысты студенттеріне айналған NIS-тің түлектері бар. Мектебіміздің 2020 жылғы түлегі Әбілмансұр Мүжүбаев Қазақстанның үздік университеттерінің оқытушыларымен бірге республикалық олимпиадада NIS-тің намысын қорғайтын өрендердің есімдерін анықтайтын болады.
Ашылу салтанаты барысында Зияткерлік мектептердің құрамалары алғаш рет бір-бірін онлайн форматта құттықтады.
«Осынау күрделі уақыт пен орын алған жағдайларға қарамастан, біз –олимпиадашылар, өзімізді көрсетуге және жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз», – дейді олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тілеген 12-сынып оқушысы Егор Кожин.