2020 жыл 6-7 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Модель ООН» клубының бастамасымен «БҰҰ моделі» атты республикалық конференция өтті. Маңызды форумға еліміздегі Зияткерлік мектептерден және Хэйли Берри (Haileybury School) халықаралық мектебінен келген 100-ге жуық делегат қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында қатысушыларды «Ұлан-Ғайыр Дала Елі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Уалихан Бахретдинов құттықтап, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыру және «БҰҰ моделі» атты конференцияның маңыздылығына тоқталып өтті.
6-7 қаңтарда, конференция аясында жоғары сынып оқушылары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі, Бас Ассамблея, UNICEF сынды құрылымдық бөлімдері үлгісінде жұмыс істейді.
Әр комитеттің отырысы барысында халықаралық және ұлттық киберқауіпсіздік, Таяу Шығыс мәселесі, жасөспірімдер жүктілігінің алдын алу, есірткі және психотроптық заттар бизнесімен күрес сияқты әлемдік маңызы бар өзекті мәселелер талқыланады.
“Модельдің” негізгі жұмыс тілі – ағылшын тілі. Жеткіншектер сұхбат алаңдарында берілген тақырыпты ағылшын тілінде талқылап қана қоймай, мәселелерді шешу жолдарын да анықтайды. Әрбір комитет өз құзіреттілігінің шегінде шешімдері мен ұстанымдарын резолюция түрінде ұсынады.
Осындай іскерлік ойын барысында қатысушылар БҰҰ-ның қызметімен танысып, келіссөздер жүргізуге, көпшітік алдында сөйлеуге, өз көзқарасын дәлелдеуге үйренеді. Сондай-ақ «БҰҰ моделі» конференциясы еліміздегі Зияткерлік мектеп оқушылары мен халықаралық мектеп оқушыларының байланысы мен достығын нығайтуға, олардың көшбасшылық қабілетін дамытуға ықпал етеді.
7 қаңтарда конференция резолюциялары қабылданып, дәйекті пікірімен көзге түскен делегаттар марапатталады, қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі.