24 тамызда Астана қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде 7-сыныпқа қабылданған оқушыларға бағыт-бағдар беру апталығы басталды.
Апталық аясында мектепке қабылданған «Өркен» білім грантының иегерлері жаңа мектептерімен және жаңа сыныптас достарымен танысады.
Бағдар беру апталығының негізгі мақсаты – жаңадан келген оқушыларды мектеп миссиясымен, Зияткерлік мектеп тарихымен, дәстүрлерімен, ережелерімен таныстыру.
Бағдарлау апталығы ата-аналар бас қосқан үлкен кеңестен басталды. Онда мектеп директоры Әсел Бейсембинова Зияткерлік мектеп пен оның жұмысындағы басты принциптермен таныстырды. Мектеп директорының орынбасарлары Аян Алтынбеков пен Райгүл Кайыркенова ата-аналарға NIS-Program бағдарламасы мен оқыту ерекшеліктері туралы толық ақпарат берді.
Мектептің ішкі тәртібімен таныстырған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Нурышева білім алушылардың міндеттері мен құқықтарымен таныстырды.
Кеңес отырысының соңында ата-аналар топтарға бірігіп, NIS оқушысының моделін анықтады, оқушы тәрбиесіндегі ата-ана рөлін нақтылады.
Осы апта ішінде биылғы оқу жылында жаңадан келген 142 оқушы сыныптас құрбы-құрдастарымен, мектеп ғимаратымен, оқу кабинеттерімен танысады.
Шәкірттерін қуанышпен қарсы алған ұстаздар жеткіншектерге білім беру бағдарламасы мен Зияткерлік мектеп оқушыларына қойылатын талаптар жайлы егжей-тегжейлі баяндайтын болады.
Бағыт-бағдар беру апталығы 31 тамызға дейін жалғасады.
Алда 7-сынып оқушыларына жаңа ортаға тезірек бейімделуге көмектесетін қызықты Іс- шаралар күтуде.