Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушылары Әмір Айтаев, Иманғали Дүйсебаев, Әнуар Тұяқов және Аяжан Тоймбетова «Қорғалжын» (8G және 11E сыныптары) Шаңырағы атынан Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығында емделіп жатқан бүлдіршіндерге «Батылдық сандықшасын» табыс етті.
«Қоғамға қызмет көрсету» жобасы аясында оқушылар мен олардың ата-аналары «Батылдық сандықшасына» арнап кітаптар, ойыншықтар, үстел ойындары және басқа да керекті заттарды жинады. Орталықтың карантинде болуына байланысты мектеп оқушыларын Ұлттық орталық қызметкерлері қарсы алды. Жас зияткерлер медицина қызметкерлері арқылы өздерінің сыйлықтарын табыс етіп, балалардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді!
Мектеп оқушылары «Батылдық сандықшасының» түрлі емдік шаралар қабылдап жатқан балалардың көңілін көтеруге және тезірек сауығып кетуіне көмектеседі деп үміттенеді.