Бүгін бізде мереке, Білім күнін тойлаймыз!
Армысың, алтын ұя, мектебім!
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Армысың, алтын ұя мектебім!» атты Білім күніне арналған салтанатты жиынға Елбасының ұлттық сананың заманауи әрі рухани жаңғыруы туралы айтқан сөздері арқау болды.
Әсем безендірілген мектеп ауласы бір-бірімен сағына қауышқан 7-12 сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына, мектебін, ұстаздарын жаңа оқу жылымен құттықтай келген мектеп түлектеріне толы. Жүздері бал-бұл жанған оқушылардың жаңа оқу жылынан күтетіндері көп, көздеген жоспарлары да аз емес.
Салтанатты жиын Зияткерлік мектепке конкурстық іріктеу арқылы 7-сыныпқа қабылданып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім Грантын иеленген 144 дарынды оқушыны құрметпен қарсы алумен басталды.
Жас зияткерлер мен мектеп ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Білім беру беру саясаты мен бағдарламалар» департаментінің директоры Есенғазы Нұртөлеуұлы Иманғалиев құттықтады. Оқу жылының жаңа жобалар мен ілкімді істерге, жеңістерге толы болуын тілеген ол еңбегімен ерекшеленген мұғалімдер мен үйірме жетекшілерін марапаттап, мақтау қағаздарын табыс етті.
Биыл мектеп мұғалімдерінің қатары Ұлыбритания, АҚШ, Филиппин, Оңтүстік Африка, Швейцария, Кения, Нигериядан келген 12 мұғаліммен толықты. Салтанатты жиында 12-сынып оқушылары оларға Зияткерлік мектептер төсбелгісін табыс етті. Мектептің вокалды тобы жаңадан келген шетелдік ұстаздарға арнап «Астана» әнін тамылжыта орындады. Әріптестері мен жаңадан келген барлық оқушыларды жаңа оқу жылымен эксперт ұстаз Дырынбаева Бейбіткүл Қадылбекқызы құттықтады.
Өз болашағын Зияткерлік мектеппен байланыстырған 7-сынып оқушыларына арнап «ЭКСПО -2017» көрмесінен келген XJ-1-Роботтары өз билерін тарту етті.Сондай-ақ олар жас зияткерлерге мектеп директорының құттықтау хаты мен «Зияткерлік мектеп оқушысының анықтағышын» табыс етті.
Ән мен биге, шаттыққа толы жиын 2017-2018 оқу жылының басталғаны туралы жария еткен алғашқы қоңырау үнімен жалғасты. Алғашқы қоңырауды соғу құрметі оқу озаты, 12-сынып оқушысы Шен Вячеслав пен 7-сынып оқушысы Өзбекбай Аяжанға берілді.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін оқушылар Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың басым идеяларын оқушылар арасында кеңінен насихаттауды көздейтін «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде «Мен өз Отанымның патриотымын!» бірыңғай білім беру сабақтарына қатысты.