Әбілмансұр Мүжүбаев — Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы IchO 52-ші химия пәні бойынша өткен халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
IchO халықаралық олимпиада (International Chemistry Olympiad IChO) — мектеп оқушыларына арналған, химия пәні бойынша жыл сайын өткізілетін білім сайысы. Олимпиаданың мақсаты – әлем оқушыларының химия ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру.
2020 жылы 52-ші халықаралық олимпиада Стамбул (Түркия) қаласында 23-29 шілде аралығында өтуі тиіс болатын. Алайда, карантинге орай олимпиада ағымдағы жылдың 25 шілдесінде қашықтықтан өткізілді. Олимпиадаға химиялық білім байқауларының жеңімпаздары мен дарынды жастардан тұратын 62 елдің ұлттық командалары қатысты.
Еліміздің намысын қорғаған команда құрамында жақында ғана Менделеев олимпиадасының қола жүлдегері атанған Әбілмансұр Мүжүбаев болды. Ол әлемдік деңгейдегі кезекті білім бәйгесінде жақсы дайындық, терең білім, біліктілігін көрсетіп, үшінші жүлделі орынды жеңіп алды.
Әлемдік беделді білім байқауындағы Әбілмансұрдың бұл жеңісі күнделікті тынымсыз еңбектің, жан жақты дайындықтың, мақсатқа жетудегі табандылықтың нәтижесінде келді.
Мектеп ұжымы Әбілмансұрды көтерілген жаңа биігімен, алған асуымен құттықтай отырып, келешекте де жаңа табыстарға жетіп, Зияткерлік мектеп даңқын әлемде асқақтата беруіне тілектестік білдіреді.
Жеңістен жеңіске жете бер, Әбілмансұр! Жеңіс құтты болсын, Әбілмансұр!