Физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 22 сәуір 2 мамыр аралығында Биология онкүндігі өтті. Онкүндік аясында ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар оқушыларға жаратылыстану ғылымдары саласында білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді.
22 сәуір – Халықаралық Жер күні Онкүндіктің ашылу салтанатына арнап оқушылар қоршаған ортаны ластап отырған: картон, пластик, электрондық дискілер сияқты қалдықтардан киімдер дайындады.
Онкүндік барысында ашық сабақтар өтіп, қызықты байқаулар, кездесулер мен саяхаттар, зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Оларға қатысқан әрбір оқушы өзінің білімі мен пайымын, зеректігін көрсетуге тырысты. Көршілес IB мектебінің командасы қатысқан білім сайысы тартысты өтсе, “Не? Қайда? Қашан?”, «QUANTUM», «XXI ғасыр көшбасшысы», «Қызықты биология» зияткерлік ойындары 7-11 сынып оқушыларын бір серпілтіп тастады.Сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен өткен «Биологиялық отбасылық бәйге» көңілді де танымды болды.
Онкүндік жоспарына сай жас зияткерлер «Астана-су арнасы» мекемесінде орналасқан “Су мұражайына” саяхат жасады.
“«Калейдоскоп науки» атты 10-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған конференцияда ғылыми жобалар туралы сөз болды. Ата-аналар мен оқушылар еліміздің еңбек нарығында сұранысқа ие биологиямен байланысты мамандықтар туралы маңызды мағлұматтар алды. Онкүндік барысында белсенділік танытқан, білім байқауларында жеңімпаз атанған барлық оқушылар мақтау қағаздарымен, дипломдармен марапатталды” – дейді биология пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Ардақ Нұрышева.