3-7 қараша аралығында Астанада халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалі өткен болатын. Дарынды жас өнерпаздар жиналған шараға елімізден және шетелдерден келген 500-ден аса талпты жас қатысты. Үміткерлер классикалық музыка, бейнелеу өнері, халық музыкасы, цирк өнері, актерлік шеберлік және үздік әдеби шығарма аталымдары бойынша бақ сынады. Үміткерлер қатарында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Өнер пәнінің мұғалімі Әлібай Әнел Берікқызы да бар.
Фестивальға жас қылқалам шебері киіз басу, нунокиіз (жібек пен киіз) техникасында орындалған «Күй Құдіреті» атты көлемі 170*310 см. болатын триптих ұсынды. Ел назарын өзіне аудартқан жүннен «салынған» картинада түстер үндестігі, терең пәлсапалық мағына, ұлттық нақыш байқалады. Жаңа технологияда орындалған Әнелдің шығармасы фестивальге ұсынылған 200-ге тарта жұмыстың ішінде ерекше дараланып, бас бәйгені жеңіп алды. Қазылардың шешімімен Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің Гран-При иегері атанған Әнел Әлібайға арнайы кубог табыс етілді.
Бұл Әнелдің шығармашылық жолындағы бірінщі жеңісі емес. Жас шебер 2010 жылы III Халықаралық «Сән мен Сахна» фестивалінің арнайы сыйлығымен, 2015 жылы Еуразиялық дизайнерлер одағының I дәрежелі дипломымен марапатталған болатын. Оның туындылары бірнеше рет республикалық, халықаралық көрмелерге қойылған. 2016 жылы Әнел Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Астана» ұлттық сурет галереясында ұйымдастырылған «Ұлы дала мұрасы» атты шығармашылық көрмеге қатысты.
Орал Таңсықбаев атындағы Алматы Сәндік Қолданбалы өнер колледжінің, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің кешегі түлегі, бүгінгі Зияткерлік мектептің мұғалімі Әнелдің әлі де талай биікті бағындыратыны сөзсіз.
8 қарашада Зияткерлік мектеп ұжымы «Бейнелеу өнері» аталымында Гран-При иеленген өз әріптестерін ерекше құрметпен қарсы алып, шығармашылық жеңісімен құттықтады. Мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы Әнелдің өнеріне қанат бітіріп, шеберлігінің ұштала түсуіне мүмкіндік беретін байқаулардың көп болуын, шығармашылық шабыт пен жаңа жеңістер тіледі.