Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Нұрия Азаматова әлемдегі ең үздік екі университетке қабылданды.Солтүстік Америкадағы мықты оқу орны саналатын Ванкувердегі University of British Columbia (Канада) университеті Нұрияға ертеңгі көшбасшыларға арналған “Karen McKellin International Leader of Tomorrow” беделді шәкіртақы тағайындаса, Сингапурдың Yale-NUS колледжі толық оқу грантын ұсынып отыр.
Британдық Колумбия университеті әлемдегі ТОП 35 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Әлемдік рейтингтерде жоғары бағаланатын университет студенттердің тұлғалық дамуына қолайлы орта болумен қатар, оқу орнын бітіргеннен кейін түлектеріне ұсынатын үлкен мансаптық мүмкіндіктерімен танымал.
Осындай әйгілі білім ордасы тағайындаған шәкіртақы Нұрияның оқуға, жатақханаға, тамақтануға кететін жеке шығындарын толығымен жабады. Британдық Колумбия университетінің шақыруымен қатар, дарынды жас Сингапурдағы Yale-NUS колледжінен толық қаржыландыру ұсынып отырғаны туралы оң жауап алды. Yale-NUS колледжі – бұл екі үздік: Айви Лигасына кіретін Йель Университеті (әлемдегі үздік 15) және Сингапур Ұлттық Университеті (әлемдегі үздік 11) ынтымақтастығынан құрылған оқу орны. Әлемнің көптеген талапкер жастарының арманы болған Yale-NUS Нұрияны өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін хабарлаған.
Нұрия 9-сыныпта оқып жүргенде-ақ әлемдегі ең беделді университетте оқуды армандайтын. Асқақ арманмен жарқын болашаққа қол созған талапты оқушы оқуда озат болды. Жақсы оқумен қатар Нурия мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысты: ол Student Council – мектептің өзін өзі басқару кеңесінің мүшесі болып табылады.
Сондай-ақ, дарынды оқушы сурет салғанды ұнатады, көбіне әртүрлі техникада портреттер салумен әуестенеді. Портреттерде жас суретші кейіпкерлердің сырт бейнесін ғана емес, олардың жан дүниесін де айнытпай бейнелеуге тырысады. Үстіміздегі жылдың ақпан айында өнерлі жас өзінің жеке онлайн көрмесін ұйымдастырды.
Нұрия құрбыларының қатарында өзінің көшбасшылық қасиеттерімен, табандылығымен, қайсарлығымен ерекшеленеді. Ол TEDx клубының президенті және TEDxYouth мектеп клубының жетекшісі. Белсенді түлектің жетекшілігімен серіктес мектеп Kolej PERMATApintar мен үндістандық оқушылардың қатысуымен халықаралық вебинар ұйымдастырылды.
Ізденімпаз зияткер өзінің таным көкжиектерін кеңейтуден шаршамайды, ол ядролық сынақтарға тыйым салудың жан-жақты келісім ұйымының, Comprehensive Nuclear Test-Ban Treaty Organization, Abolition 2000 Youth Group, Youth Fusion сияқты әлемдік ұйымдардың мүшесі, Жастар бейбітшілік апталығы (Youth Peace Week) халықаралық қозғалысының елшісі.
Ядролық қарусызданудың жаһандық проблемасына белсенді араласуының арқасында Нұрия бірнеше рет халықаралық конференцияларға қатысты. БҰҰ-ы өткізген NPT Review 2020 конференциясында спикер болды.
«Зияткерлік мектеп білім берумен қатар мені тұлға ретінде қалыптастырып, жеке қасиеттерімді дамытуға жағдай жасады. Соның арқасында мен келешекке сеніммен қараймын, болашақта өзімнің үлкен жоспарларымды елім үшін жүзеге асырамын деп ойлаймын », – дейді талапты түлек.
Нұрияның пікірінше, егер арман туралы нақты көзқарас болмаса, оны жүзеге асыру мүмкін емес. Арманды айқындап, оған қарсы қадам жасаған кезде ғана, бірте-бірте арман мақсатқа, мақсат егжей-тегжейлі жоспарға, жоспар шындыққа айналады.
