БОЛАШАҚ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КУӘЛІКТЕР АЛДЫ

24 ақпанда  Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында әскери есепке алу туралы куәліктерді табыс ету рәсімі өтті.

Биыл 16 жасқа толған 100 ден астам бозбала азаматтық борышын өтеуге жарамды деп танылып, әскерге шақырылушы ретінде алғашқы құжаттарын алды.

10-12 сынып оқушыларына әскери есепке алу туралы куәліктерді Ауған соғысының ардагері, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, журналист, жазушы Ғалым Қожабеков, Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник, ҚР Қорғаныс Ұлттық университетінің оқытушысы Толқындат Насипқалиұлы Толешов  табыс етті.

Құрметті қонақтар әскери есепке алынған бозбалаларды құттықтап, Зияткерлік мектеп оқушыларының  Отан алдындағы борышын абыроймен өтейтін азамат болатындарына сенімділік білдірді.

Әскерге шақырылушы ретінде құжат алған боз балаларды Генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжі кадеттері құттықтап келді. Жас сарбаздар куәлік иелеріне музыкалық құттықтау арнап, қорғаныс тәсілдерін көрсетті.

Оқушылар әскерилердің дайындығына, шапшаң қимылдары мен ептіліктеріне тәнті болды.