БОЛАШАҚ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КУӘЛІКТЕР АЛДЫ

Жыл сайын сәуірде  елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің акт залында әскери есепке алу туралы куәліктерді табыс ету рәсімі өтеді. Биыл 16 жасқа толған 79 бозбала азаматтық борышын өтеуге жарамды деп танылып, әскерге шақырылушы ретінде алғашқы құжаттарын алды.

10-12 сынып оқушыларына әскери есепке алу туралы куәліктерді Ауған соғысының ардагерлері: Талғат Кадырбекұлы Солтыбаев, Ғалым Абдихамитұлы Нұртаев, Дауренбек Зайкенұлы Искаков, Юрий Борисович Хаджиев, Нуриддин Ибадуллаұлы Ерзаков, Батырхан Аштарұлы Ержанов  табыс етті.

Әскери есепке алынған бозбалаларды интернационалист-жауынгер,  «Айбын» орденінің кавалері  Талғат Кадырбекұлы Солтыбаев құттықтап, Зияткерлік мектеп оқушыларының  Отан алдындағы борышын абыроймен өтейтін азамат болытындарына сенімділік білдірді.

Әскерге шақырылушы ретінде құжат алған боз балаларды Генерал Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің кадеттері құттықтап келді. «Жас ұлан» мектебі мен Зияткерлік мектеп арасындағы мұндай достық кездесулер игі дәстүрге айналған.

Сондай-ақ болашақ Отан қорғаушыларға мектептің би ансамлінің қыздары музыкалық құттықтау арнады.