Ботаникалық бақтағы Өнер сабағы

«Ботаникалық бақтың достары» жобасы аясында 9 «Е» сынып оқушылары Ботаникалық бақта болып, тропикалық және субтропикалық аймақта өсетін түрлі экзотикалық өсімдіктермен танысу мүмкіндігіне ие болды.  Әлемнің түкпір-түкпірінде өсетін және сирек кездесетін өсімдіктер өсірілетін жылыжайлар кешенін аралауға келген оқушыларды сәндік гүлдер және өсімдіктер интродукциясы зертханасының меңгерушісі  Сатеков Ескендир Яковлевич қарсы алды.

Ескендир Яковлевич  1000-нан астам жеміс ағаштары мен экзотикалық өсімдіктер өсетін бірегей жасыл аймаққа қызықты да танымды экскурсия өткізді.  Оқушылар Ботаникалық бақтың жұмыс ерекшелігі туралы біліп, түрлі географиялық аумақтардан әкелінген өсімдіктердің бағалы түрлерін көрді, олар туралы көптеген пайдалы мәліметтер алды.

Бұл іс-шараның маңыздылығын атап өткен топ жетекшісі, Зияткерлік мектеп мұғалімі Дулат Баудинов:  «Өнер» пәні бойынша 9-сынып оқушылары екінші тоқсанда «Табиғат құбылыстары»  бөлімін оқиды, сондықтан да біз үшін Ботаникалық бақ көрнекті оқу құралына айналып отыр. Өз базасында тәжірибелер мен зерттеулер өткізетін осынау ерекше кешенмен Зияткерлік мектеп ынтымақтастықта  жұмыс істейді. Бүгін оқушыларға мол әсер мен жаңа білім берген керемет экскурсия өткізілді. Сондай-ақ оқушылар үшінші тоқсанға «Ландшафт дизайны» бойынша жасалатын шығармашылық жұмыстары бойынша жаңа идеялар мен нақты тапсырмалар алды.

Жангирханова Ляйля, оқушы:

Бүгін «Циперус зонтичный» деп аталатын өсімдікті көріп, оның ертеректе папирус жасауға қолданылғаны мен үшін жаңалық болды. Сондай-ақ  өсімдіктер туралы айтылған қызықты әңгіме барысында  өзінің құмыра жапырақтарымен  шыбын-шіркейден қосымша қорек жинайтын өсімдік туралы білдім. Бүгін  шығармашылық жобама қатысты  жаңа ойлар, керемет шабыт келіп тұр.

Жақсылық Ерлан, оқушы:  

Ботаникалық бақтың қызметкерлері бізге тропикалық және шөлейт жерлерде өсетін өсімдіктер жайлы қызықты деректер айтып берді. Маған өсімдіктер жайлы көп мағлұмат берген бүгінгі экскурсия қатты ұнады.