Қазан айынан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Елордалық Ботаникалық саябақ бірлескен жаңа жобаны қолға алды.
Жоба Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің саябақ аймағында және оның жылыжайларында биология, химия, география сабақтарын өткізіп, саябақ қызметкерлерінің көмегімен ғылыми жобалар бойынша зерттеу жұмысын жүргізуді көздейді.
Ботаникалық саябақ осылайша жас зияткерлер үшін білім алатын, жаңалықтар ашатын мәдени-ағарту орталығына айналмақ.
12 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ботаникалық саябақта экологиялық десант өткізді. Бұл «Ботаникалық саябақ достары» жобасы аясында өткізілген бірінші үлкен шара болды. 50 белсенді ерікті саябақ аймағын қоқыстан тазартып, гүл отырғызды, өсімдіктерді күту жолдарымен танысты.
Саябаққа жасалған саяхаттан өздері үшін көп пайдалы мағлұмат алды. Күздің бұлтты, салқын күніне қарамастан еңбек еткен еріктілердің алған әсері көп, көңіл-күйлері көтеріңкі болды.