15 наурызда Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында әскери есепке алу туралы куәліктерді табыс ету рәсімі өтті. Биыл 16 жасқа толған 90 –нан астам бозбала азаматтық борышын өтеуге жарамды деп танылып, әскерге шақырылушы ретінде алғашқы құжаттарын алды.
10-12 сынып оқушыларына әскери есепке алу туралы куәліктерді Ауған соғысының ардагерлері: «Айбын» орденінің кавалері Талғат Кадырбекұлы Солтыбаев, «Ерлігі үшін» медалінің кавалері Юрий Алексеевич Ли, «Мінсіз қызметі үшін» медалінің кавалері Жарасбек Кенжебекұлы Тұрсынбеков, қаладағы №84 орта мектептің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Көлбаев Серікжан Төреханұлы, запастағы подполковник, Зияткерлік мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Үміткен Абуова табыс етті.
Әскери есепке алынған бозбалаларды интернационалист-жауынгер, «Айбын» орденінің кавалері Талғат Кадырбекұлы Солтыбаев құттықтап, Зияткерлік мектеп оқушыларының Отан алдындағы борышын абыроймен өтейтін азамат болытындарына сенімділік білдірді.
Әскерге шақырылушы ретінде құжат алған боз балаларды Генерал Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің кадеттері құттықтап келді. «Жас ұлан» мектебі мен Зияткерлік мектеп арасындағы мұндай достық кездесулер игі дәстүрге айналған.
Сондай-ақ болашақ Отан қорғаушыларға ҚР Қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері музыкалық құттықтау арнады. Мерекеге қатысушылар «Барлау» ротасының десанттары көрсеткен қорғаныс тәсілдеріне таң қалысып, әскерилердің дайындығына, шапшаң қимылдары мен ептіліктеріне тәнті болды.