Cемсерлесу – зиялы спорт түрі

Семсерлесу – өзіңе тигізбей қарсыласыңды шаншып өту өнері. Қарсыласыңа бірінші соққыны жасауға мүмкіндік бермей, шап беру әр қимылды қалт жібермей, ескерту жасайтын көзге де, болған жайды тез саралап, шешім қабылдайтын ақыл-ойға да, сол шешімді тез жүзеге асыратын қолға да оңай емес, оған тағы қолдағы қаруға жан бітіретін дәлдік пен жылдамдықты қосыңыз.
— Мольер

Семсерлесу адамның ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететін спорт түрлерінің алғашқы үштігіне кіретін ең зиялы спорт саналады. Дұрыс шешімді семсерлесуші қас-қағым сәтте қабылдайтындықтан, семсерлесу сайыстарын көбіне «жылдам шахматтармен» теңестіреді.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Чурбаков Андрей Владимирович жетінші жыл жетекшілік ететін «Семсерлесу» секциясы жұмыс істейді. Жаттығу сағаттарында Андрей Владимирович семсерлесудің техника-тактикалық элементтеріне ерекше назар аударады. Сондықтан да болар семсерлесу секциясына тек ұлдар ғана емес, қыздар да қызыға қатысады.
2017 жылдың 21-25 қыркүйегінде мектеп командасы «Астана қылышы» Республикалық турниріне қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті. Команда құрамында ағайынды Лейла мен Дәулет Задиндер болды. Лейла Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы, Дәулет 9-сыныпта оқиды. Лейла елімізде түрлі турнирлерге қатысып, ел намысын Ресей мен Болгарияда өткен халықаралық жарыстарда да қорғаған, Астана қаласының команда құрамында рапира бойынша жүлделі орындарға ие болған спортшы. Ол семсерлесуден спорт шеберлігіне кандидат. Даулет – 2016 жылғы Қазақстан чемпионы, республикалық, халықаралық турнирлер мен сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Жақында оған «Семсерлесуден спорт шебері» деген құрметті атақ берілді.
Біз «мушкетерларымызды» құттықтай отырып, осынау «сұлу» спортта олар талай белестерді бағындырады деп сенеміз!