CIS САРАПШЫЛАР ТОБЫ МЕКТЕП ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУ МИССИЯСЫН АЯҚТАДЫ
2023 жылғы 23-28 сәуірде Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) өкілдері Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің қызметіне кешенді бағалау жүргізді.
Топтық бағалау аясында апта бойы олар білім сапасын, оның ішінде білім беру бағдарламаларының деңгейін, педагогикалық кадрлардың біліктілігін, оқу үдерісін ұйымдастыру мен мектепті басқару жұмыстарын сараптады.
CIS комиссиясының төрағасы Арвинд Кумар Чаласанидің айтуынша, бағалау барысында жасалған 200 беттік сараптамалық талдау мектеп жұмысының, оқыту үдерісінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді, бұл мектеп жұмысын одан әрі жақсартуға және білім сапасын арттыруға көмектеседі.
Кешенді бағалауды өткізу мектептің беделін арттыруға мүмкіндік беретін Халықаралық мектептер кеңесінен аккредитация алудың міндетті қадамы екенін атап өткен жөн.
Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) – басты мақсаты – сапалы халықаралық білім беруді қолдау және дамыту болып табылатын тәуелсіз ұйым. Кеңестің бағалауынан кейін мектептер халықаралық аккредитациядан өтеді, бұл білім берудің жоғары сапасын растап, мектеп беделін арттырады.