ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

«Кәсіби оқыту қоғамдастығының дамуы: сапа мен тиімділік» атты NIS Тамыз конференциясы 21-22 тамыз аралығында Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасын тапты.

Екі күн бойы Зияткерлік мектеп педагогтері тақырыптық және тәжірибелік алаңдарда біліктілігін арттырып, пікір алмасады, жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтарды сараптайды.

Осынау жылдың басты педагогикалық кеңесіне елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп ұстаздарының үлкен бөлігі қашықтан қосылды.

Әріптестерімен бірге олар конференцияның ресми ашылу салтанатын бақылады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысушыларды NIS-тің 15 жылдығымен құттықтап, жаңа оқу жылының басты басымдықтарын айқындады.

«Кәсіби оқыту қауымдастығын құру арқылы NIS болашағын қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасында Басқарма төрағасы алдағы академиялық жылда 2 негізгі бағыт – жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс және когнитивті емес дағдыларды бағалау басталатынын атап өтті. Мектеп ұстаздары бұл үрдістер қалыптасқан машықтан құзыреттілікке көшуге, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға негізделгені туралы білді.

Сондай-ақ Тамыз кеңесі барысында 100 -ден аса ұстаздар мен NIS қызметкері «15 жыл – 15 номинация» аясында арнайы құрмет грамоталарын иеленіп, алғыс хаттармен марапатталды.