Достармен қайта қауышу

18 -23 ақпан аралығында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебі PERMATApintar – Малайзия дарынды балаларға арналған ұлттық Орталық оқушылары мен мұғалімдерін қарсы алды.

Бұл  кездесу 2015 жылы бастау алған  серіктес мектептер арасында оқушылармен алмасу бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Өткен жылғы көктемде Зияткерлік мектептің оқушылары PERMATApintar  Орталығында білімдерін жетілдіріп, Малайзия тарихы мен мәдениетімен танысып қайтқан болатын. Енді міне, кезекті кездесуге малазиялық оқушылар келіп, ескі достар қайта қауышты. PERMATApintar колледжі директорының орынбасары Rorlinda Binti Yusof  және биология пәнінің мұғалімі Nurulnisa binti Nor Azman бастаған 6 оқушы бір апта бойы Зияткерлік мектеп өміріне етене араласады.  Қонақтардың Қазақстандағы әрбір күні тығыз жоспарланған, балалар  сабақтарға, үйірмелерге, шеберлік сағаттарына қатысып, оқушылармен, мұғалімдермен танысады, Елорданың көрікті орындарына саяхат жасайды.

Мәңгі жасыл Малайзиядан келген  балалар астаналық жанұяларда тұрады, осындай алмасу арқасында достық қатынастар тек мектептер арасында емес жанұялар арасында орнайды.

Қонақтар мектептің баспасөз орталығына берген сұхбатында Қазақстанға сапарларынан алған әсерлерімен бөлісті. Олар Астанаға келгендеріне, қарды көру бақытына ие болғанына, нағыз қысты көргендеріне қуанышты екендігін жеткізді.

«Біз Малайзиядағы оқушылармен алмасу бағдарламасы бар жалғыз мектеппіз. Қазақстанда осындай жиырма Назарбаев Зияткерлік мектебі бар екенін білемін. Мен үздік халықаралық тәжірибені көріп, жақын танысқым келді. Сіздерде «біздің мектепте де болса» дейтіндей қызықты іс-тәжірибе, түрлі жобалар көп екен. Қазақстанда көрген-білгенімізді елге барған соң жүзеге асырамыз деп үміттенемін», – дейді дарынды балаларға арналған Орталық директорының орынбасары Rorlinda Binti Yusof.

Muhammad Azamuddin Bin Fathul Karim, оқушы:

Маған ерекше ғимараттары көп Астана сәулеті қатты ұнады. Жақсы оқу үшін  Зияткерлік мектепте барлық жағдай жасалыпты, жап-жаңа құрал-жабдықтар да көп екен. Сіздердегі оранжерея, меніңше, өсімдіктердің өсуін бақылауға мүмкіндік беретін жақсы зертхана. Кітапханаларыңыз сондай жайлы орын екен, онда кітаптар  ерекше жиналыпты, маған қатты ұнады.

 

Малайзиялық қонақтар өздерін жылы қабылдаған  жаңа достарына арнап  22 ақпанда өтетін «Екі жұлдыз» фестиваль-байқауында Зияткерлік мектепте үйренген қазақ биін билеп бермекші.

Серіктес мектептер арасында оқушылар мен ұстаздардың тәжірибе алмасып, ой бөлісуіне, достық қарым-қатынас орнатуына ықпал ететін екі жақты ынтымақтастықты көздеген бағдарлама  2019 жылы осылай жалғасты.