Халықаралық Қайырымдылық күні қарсаңында ұйымдастырылған Мейрімділік акциясы аясында 8 А және 10 f сыныптарының «Оқжетпес» Шаңырағы куратор З.Р. Эшчанованың жетекшілігімен 12 қыркүйек күні Ильинка кентінде орналасқан үйсіз жануарларға арналған паналау орталығында болып қайтты.
Паналау орталығында 200-ден аса қараусыз қалған иттер мен мысықтар бар, ал оларға қамқор еріктілер бірінші кезекте жаралы, әлсіз, қатыгездіктің құрбаны болған жануарларға көмектеседі. Мұнда мысықтар мен иттер пана тауып, уақтылы азық, ветеринарлық көмек, ең бастысы жан ашыр жаңа қожайын табу мүмкіндігіне ие. Мұндай орталықтардағы жұмыстың көптігінен көмектесушілер ешқашан артық болмайды.
Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары акция барысында жануарларға арнайы тамақ, ыдыс, төсеніштер жинады. Төртаяқты достарымен қауышқан балалар жануарларды тамақтандырып, оларды ойнатты. Кейбір оқушылар жануарларды асырап алу туралы ойланып та қалды. Олар барлық адамдарды мүмкіндігінше үйге жануарлар алуға, алған ит, мысықтар үшін жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Достар, Қайырымдылық акциясына қосылыңыздар! Жануарларға мейірімділік таныта отырып, әлемді мейірімге толтырайық!