«EasySort» – қоқыс қалдықтарын жинайтын автоматтандырылған жүйе – стартап-жобалар жарысының жеңімпазы

2018 жылдың 9-11 қарашасында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары  Алиев Алишер, Жетписбеков Жомарт, Кенжебек Дарын, Асқарұлы Тарлан,  Мұратов Әділхан стартап-жобалардың ақтық сайысына қатысты. Қарқынды тұрақты даму тақырыбына арналған байқау  Nur-Sultan Innovation Challenge аясында  Startup Weekend форматында өтті. Startup Weekend – бұл 26 команда қатысқан стартап-марафон.

Байқау барысында менторлар мен мамандар жарысқа қатысушыларға жоба бойынша көмек көрсетіп, кеңес беріп отырды. Жарыстың шешуші кезеңінде Елорданың әлеуметтік және экономикалық дамуында оң өзгерістерге бағытталған 10 жобаның таныстырылымы өтті.  Қазылар алқасының шешімі бойынша Зияткерлік мектептің командасы ұсынған «EasySort» – қоқыс қалдықтарын жинайтын нейросетьке негізделген автоматтандырылған жүйе  – стартап-жобалар жарысының жеңімпазы танылды. Жас зияткерлерге байқаудың 1-ші дәрежелі дипломы табыс етіліп, жобаны жүзеге асыру үшін 500000 теңге сертификаты берілді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің робототехника жаттықтырушысы Нурғалиева Сымбат Алтыбайқызы қоқыс қалдықтарын тиімді  өңдеу үшін балалар ұсынған жоба қазылар алқасының асқан қызығушылығын тудырғанын атап өтті.

Зияткерлік мектеп оқушыларының ізденісі Астана қаласының «ақылды қала» ретінде дамуына ықпал етері сөзсіз.