Егор мен Еламан Елбасымен кездесті

Елбасы Тұңғыш Президент Қоры Сыйлығының лауреаттары және Қазақстанның талантты жастарымен кездескен болатын. Кездесуге  Nazarbaev Fund Schools Challenge 2019 байқауының жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары  Егор Кожин мен Еламан Молдағали да қатысты.

Nazarbaev Fund Schools Challenge байқауы ҚР Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен және ҚР Әділет министрлігі, Назарбаев Университеті, Ұлттық зияткерлік меншік институты, Ұлыбританияның Крэнфилд Университетінің қатысуымен өтті.  Бұл байқауға  Қазақстанның әр аймағынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент  қалаларынан келген оқушылар қатысты. Аэрокосмостық тақырыпқа арналған байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар Air Nur-Sultan авиакомпаниясына қажетті, коммерциялық супер-тиімді, пайдалануға ыңғайлы авиалайнер концептін құрастырды. Байқау межесіне жақсы көрсеткіштермен жеткен Егор Кожин мен Еламан Молдағали Ұлыбританиядағы Крэнфилд Университетіне  оқу-танымдық  сапармен баруға мүмкіндік алды.

Кеше Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен жастар форумына Егор Кожин мен Молдағали Еламан  байқаудың финалистері ретінде арнайы  шақырылды.

– «Мен 8-сыныптан бері физикамен әуестенемін, олимпиадаларға қатысамын,  сол себепті  бірден байқауға қатысуға ниет етіп, қызығушылық таныттым. Әділқазылар біздің  жобамыздың бірегейлігін, идеямыз бен ағылшын тіліміздің деңгейін бағалады. Біз қажырлы еңбегіміздің арқасында осы байқаудың финалистерінің қатарынан көріне алдық. Крэнфилд Университетінде коммерциялық  табысты әрі әскери пилоттардың, профессор,  инженер-зерттеушілердің ұшу теориясын терең зерделеген дәрістерін тыңдауға  мүмкіндік  туды.

Студенттерге көрнекі құралға айналған, бұрын осы университетте  құрастырылған ұшақтардың  агрегаттарымен танысып, оларды ұстап көрдік. Сондай-ақ университеттің ұшу лабораториясында орнатылған  жабдықтарда өлшеулер жүргізіп, зерттеу бортында  «ұштық».

Немістің шифрлар оқитын атақты «Энигма» машинасының құпиясы ашылған Блетли бағына барғанымыз, Империялық Әскери мұражайда болғанымыз сапардың есте қалар сәтіне айналды.

Тұңғыш Президентпен кездесу мені ерекше толғандырды. Елбасының  елдің болашағы туралы айтқан сөзі, талантты және қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Ел Yмiтi» бастамасын ұсынуы жастардың ғылымға ынтасын арттыра түседі. Елбасының айтқан сөздері мені бар мүмкіндіктерді пайдаланып, ынта-жігерімді ғылымға арнауыма ынталандырды», – дейді оқу озаты, «Алтын белгіге» үміткер Егор Кожин.

«Конференцияда айтылған ойлар, әсіресе Елбасының  Тәуелсіз Қазақстанның дамуына біздің қосар үлесіміз туралы айтқан сөздері маған ерекше рух берді» дейді  Молдағали Еламан.