6 мамырда өткен жалпымектептік саптүзеу кезінде Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы AIFC Finance Olympiad – бизнес және қаржы сауаттылығы бойынша өткен екінші олимпиада жеңімпаздары Еркежан Балташева мен Мөлдір Елеусизованы мадақтады.
Мектеп оқушыларының экономикаға, қаржы саласына қызығушылығын арттыру мақсатында өткен олимпиада қорытындысы мамыр мерекесінің қарсаңында жарияланған болатын. 11 С сынып оқушысы Еркежан Балташева олимпиада жеңімпазы атанып, алтын медалмен марапатталса, 11 А сынып оқушысы Мөлдір Елеусизова қола медальға ие болды.
Халықаралық олимпиаданың іріктеу кезеңіне қатысушылар күрделі сыннан өтті: тест арқылы экономикалық процестер жайлы білімдері анықтады, математика мен логикаға берілген есептер шығарды, бизнес-кейстер бойынша өз ойларын ортаға салды. Бұл қиын сынақтан Еркежан мен Мөлдір сүрінбей өтіп, экономикалық теория мен ағылшын тілін жетік білетіндерін дәлелдеді.
Өз жеңісі жайлы Еркежан:
“Тапсырмалар қиын болғанымен қызық. Математика маған логикаға берілген тапсырмаларды оңай орындауға көмектесті. Экономикадан өтетін олимпиадаларға қатысып, жеңіске жеткісі келетін оқушыларға үнемі ізденіс үстінде болуға кеңес берер едім. Экономиканы оқып-үйренуде математикалық дайындық аса маңызды, сондықтан математика бірінші кезекте болуы шарт, алайда әдебиетті де, тарих пен шет тілін де ұмытпаған жөн”- дейді.
Еркежанды алда экономикадан халықаралық (International Economics Olympiad, IEO) күтіп тұр. 2019 жылдың шілде айында Еркежан Балташева Қазақстанның үлттық командасының құрамында еліміздің намысын Санкт-Петербург қаласында қорғайтын болады.Ресейдің «Высшая школа экономики» Ұлттық зерттеу университеті осымен екінші жыл қатарынан олимпиада арқылы жоғары сынып оқушыларына өз мүмкіндіктерін таразылап, болашақ кәсібін дұрыс анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ ұлттық құраманың қосымша құрамына Мөлдір Елеусизова да қабылданды. Келешекте Мөлдір өз болашағын экономикамен, қаржы саласымен байланыстырғысы келеді. Ал олимпиада оған өз күшіне деген сенімділік берді, жаңа жетістіктерге жетеледі.