Ақша «үйіне» саяхат

Ұлттық валюта – теңге күні қарсаңында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 «D» сынып оқушылары  Сбербанкке саяхат жасады. Сбербанктің кадр бөлімінің басшысы Халмуратова Тоғжан Бауыржанқызы балаларды ақша «үйімен» таныстырып, тұтынушыларға қызмет көрсететін бөлімді көрсетті. Оқушылар банк қызметкерлерінің қаржы операцияларын жүргізуін бақылады. Мәжіліс залында Тоғжан Бауыржанқызы банк жұмысының негізгі бағыттары туралы таныстырылым өткізді. Зияткерлік мектеп оқушыларының қаржылық сауаттылығын байқағысы келген банк қызметкері балаларға викторина сұрақтарына жауап беруді ұсынды. Оқушылар қойылған сұрақтарға жарыса жауап берді.  Банкке қонаққа келген бір күннің өзі оқушылардың жаңа білім алып, ой-өрісін кеңейтуге ықпал жасағаны сөзсіз. Тоғжан Байыржанқызы балалардың бәріне естелік сыйлық табыс етіп, олармен бірге суретке түсті.