Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Санжар Бисенәлі California Institute of Technology-ге оқуға түсті

Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Санжар Бисенәлі әлемдегі ең үздік университеттердің бірі – Калифорния технологиялық институтының грантына ие болды.

California Institute of Technology (CALTECH) – әлемдегі ең үздік 10 университеттің қатарында және NASA-мен ынтымақтастығымен танымал.

CALTECH-ке түсу үшін әдеттегі құжаттар пакеті мен мықты кейстен басқа, табандылық пен амбиция қажет, өйткені бұл жоғарғы оқу орнына үміткерлердің тек 7% ғана қабылданады. Санжар – республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Оның қоржынында халықаралық Менделеев олимпиадасының күмісі және қоласы, 2022 жылғы химия пәнінен халықаралық олимпиадасының күміс медалі бар.

– Мен болашақ мамандығымды химиямен байланыстырғым келеді, CALTECH-те химия және химиялық технологияларды оқитын боламын. Шетелдік университетке түсуде мектептің рөлі ерекше маңызды болды. Зияткерлік мектеп жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығымды оятып қана қоймай, оларды тереңдетіп оқуыма мүмкіндік берді. Университетте оқи отырып, мектептегі олимпиада үйірмесін ұмытқым келмейді, онлайн болса да, келешекте кіші сыныптарға химиядан сабақ беруді жалғастыруды жоспарлап отырмын, – дейді Санжар.