Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірнеше шетелдік оқу орындарымен: Малайзияның дарынды жастарға арналған «PERMATApintar» Ұлттық орталығы, Ганновер (Германия) Халықаралық мектебі, Бирчвуд орта мектебімен (Ұлыбритания) достық қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастық меморандумын бекіткен.
Меморандум аясында оқушылармен өзара алмасу, оқу бағдарламаларын ұйымдастыру бойынша тәжірибемен бөлісу серіктестіктің негізгі бағыттары болып табылады.
2017 жылы Зияткерлік мектеп Ганновер Халықаралық мектебінен келген бірінші топты қарсы алған еді. Енді міне, үшінші рет, 24 қыркүйекте ескі достар «Серіктес мектептер» бағдарламасы бойынша қайта қауышты. Германиядан келген оқушылар Зияткерлік мектепте 2019 жылдың 1 қазанына дейін болады. Өз сапарларының бірінші күні қонақтар Зияткерлік мектепті, оқу кабинеттерін аралап көріп, мектеп жатақханасында тұратын оқушылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Ганноверлік оқушылар Қазақстанда қызыққа толы бір апта өткізеді: біздің еліміздің салт-дәстүрімен танысып, Елорданың сәулетін, Бурабайдың әсем табиғатын тамашалайтын болады.Шетелдік жасөспірімдер жаңа достарының жанұяларында тұрады және мұндай тәжірибе бағдарламаның негізгі бөлімі болып табылады. Осылайша олар қарапайым қазақстандықтардың өмірімен, ұлттық мәдениетімен етене жақын танысуына мүмкіндік алады.