2019 жыл 28 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің акт залында Назарбаев Университеті Технопаркінің Fab Laboratory зертханасының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында 8-9-сынып оқушылары Қазақстандағы бірінші цифрлық өндіріс зертханасының қызметі жайлы мол мағлұмат алды.
Заманауи зертхана таныстырылымын өткізген ABC Fab Lab менеджері Бижанова Әсел оқушылар үшін сырттай саяхат жүргізді. Fab Lab (Fabrication Laboratory) – бұл кез-келген идеяны дайын өнімге айналдыруға көмектесетін, цифрлық өндіріске арналған алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықталған зертханалар жүйесі. Зертханада жұмыс істейтін тәжірибелі кеңесшілер заманауи құрылғылар көмегімен кімнің болса да жобасын жүзеге асыруға дайын. Компьютерлік бағдарламалармен басқарылатын «ақылды» машиналар әртүрлі материалдарды өңдеп, оларға дайын өнімге қажетті пішін бере алады. Сондай-ақ зертхана барлық білсем деушілерге арнап түрлі бағыттарда: электроника, цифрлық модельдеу, схемотехника және инженерлік жобалау бойынша курстар жүргізеді.
«Біздікіндей бірегей зертханада әрбір оқушы өз жобасының прототипін жасай алады, ой бөлісе алатын адамдармен танысады, алдыңғы қатарлы 3D құрылғыларда жұмыс істеп үйренеді. Сондай-ақ бұл ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстарды жүзеге асыратын зертхана құрылғыларын пайдалану мүмкіндігі. Біз маусым айында 8-11 сынып оқушыларына арналған жазғы мектеп ұйымдастырмақпыз. Онда оқушылар 3D модельдеу туралы жалпы түсінік қалыптастырып, электрондық платаларды программалауды меңгере алады» – дейді ABC Fab Lab менеджері Бижанова Әсел.
Кездесуде оқушылар мен мұғалімдердің Fab Lab зертханасымен жақын танысуы шеберлік сағатында жалғасты. Олар цифрлық өндіріс құрылғыларының жұмыс принциптерімен, Назарбаев Университеті Технопаркі зертханасында жұмыс істеу шарттары туралы сұрастырды.
Жас зияткерлер винилдық кескіш, лазерлік кесу құрылғысы мен 3D принтерден тұратын цифрлық жабдықтарға асқан қызығушылық танытты.
Fab Lab инженері Алимбаев Айдар 3D принтер құрылысы туралы қысқаша баяндап, принтердің жұмысы бойынша шеберлік сағатын өткізді. Оқушылар үш өлшемдік пішін жасап шығаратын құрылғының жұмысын бақылап, қағазға салынған суретті асқан дәлдікпен кесіп шығарған кескішке таңқала қарады. Цифрлық өндіріске арналған қымбат құрылғыларды пайдалануға мүмкіндік беру, оларды балалар үшін қолжетімді ету оқушылардың инженерлік дағдыларының қалыптасуына көмектеседі.
Сондықтан да кездесуге қатысушы тұстар STEM (Science, Technology, Engineering, and Math) салаларында білім беруді жетілдіру үшін Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Назарбаев Университетінің Fab Lab зертханасы арасында ынтымақтастықты нығайтуды қолға алды.