Ганновер (Германия) Халықаралық мектебінің оқушылары Зияткерлік мектепте

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі шетелдік білім мекемелері мен оқу орындары арасындағы халықаралық байланыстар бойынша  оқушылар мен мүғалімдерді қабылдау мүмкіндігіне ие.

10 – 15 қыркүйек аралығында  Зияткерлік мектеп  Германиядағы серіктес мектеп – Ганновер қаласындағы халықаралық мектептің екі оқушысы мен бір мұғалімін қабылдады. 10-сынып оқушысы  Пьер Юстус  Версен 14 жаста, ол  спортпен айналысып, дебаттарға қатысуды ұнатады. Ал  18 жастағы Франка Уокер болса  12-сыныпта оқиды. Бос уақытында сурет салып, кітап оқығанды жақсы көреді, ат спортымен әуестенеді. Неміс жеткіншектеріне математика пәнінің мұғалімі  Вилла Мариа Гарсия жетекшілік етеді. Қонақтардың бәрі астаналық жанұяларда тұрды.

Қонақтар  апта бойы  мектеп өміріне белсене араласып, сабақтар мен үйірмелерге, сабақтан тыс іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ  олар жаңа достарымен Астананың  көрікті жерлерін аралап, Бәйтеректе, Нұрәлемде  болды. Бурабайға саяхаттап, Қазақстанның  әсем табиғатымен танысты.  Мұндай танымдық жорықтар, жергілікті оқушылар мен мұғалімдермен сұхбаттасу Германиядан келген қонақтарға Қазақстан туралы көп нәрсе білуге мүмкіндік берді.

15 қыркүйек күні Зияткерлік мектептің мәжіліс залында оқушылардың баспасөз орталығы ұйымдастырған  баспасөз  конференциясы өтті. Онда мектептің жас тілшілері неміс достарынан  Қазақстан туралы  көрген –білгендері, алған әсерлері туралы сұрады. Қонақтар бірден қазақтардың қонақжайлығына тоқталды,  Бурабайдан, Қазақстан  мәдениеті мен ұлттық тағамдарынан алған әсерлері туралы  жарыса айтты.

Қонақтар Ганноверге қайтысымен мектеп Пьер Юстустың ата-анасы Бэрбель ханым мен Норберт Версен мырзадан Алғыс хат алды. Онда: «Пьер Қазақстан жайлы керемет естеліктермен оралды. Ол сіздердің қонақжайлықтарыңызға қайран қалыпты. Осындай жақсы  бағдарлама бойынша естен кетпес күндерді бастан өткізген Пьердің жолы болды. Сіздерге, сіздердің үлкен командаларыңызға біздің баламыз үшін жасаған барлық жақсылықтарыңыз үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз»  – деп жазылыпты.