Ганновер (Германия) Халықаралық мектебінің оқушылары Зияткерлік мектептегі достарымен қайта қауышты

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқу орындары арасындағы халықаралық байланыстар мен оқушылар алмасу бағдарламасы бойынша  шетелдік оқушылар мен мүғалімдерді жүйелі қабылдап келеді.

24-29 қыркүйек аралығында Зияткерлік мектеп Германиядағы серіктес мектеп – Ганновер қаласындағы халықаралық мектептің 8 оқушысы мен екі мұғалімін қабылдады.

Апта бойы қонақтар мектеп өміріне белсене араласып, кесте бойынша сабақ оқыды, үйірмелер жұмысына, сабақтан тыс іс-шараларға қатысты. «Қыштан мүсіндеу» үйірмесінде балалар саз балшықтан киіз үй, сазсырнай жасап, «Шебер қолдар» үйірмесінде ұлттық өрнекпен безендірілген панно тігіп үйренді.

Қонақтар Астананың көрікті жерлерін аралап, Бәйтеректе, Ұлттық мұражайда болды. Сондай-ақ «Нұр Әлем» -Энергия музейінде ЕXPO – 2017 көрмесі туралы ақпарат алып, әлемдегі сфера түріндегі жалғыз ғимаратты тамашалады. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жасыл энергия көздері бойынша жобалармен танысты.  Мұндай танымдық жорықтар Германиядан келген қонақтарға Қазақстан туралы толық мәліметтер алуға мүмкіндік берді.

Қонақтардың есінде қалған ерекше әсерлер сырлы сипаттарға толы Бурабай сапарымен байланысты болды.  Хош иісті қарағайлы ормандар, шалқар көлдердің өлкесі, саф ауасы неміс балаларын таң қалдырды.

Бурабай сапары кезінде қонақтар «Қызылұйым» ауыл мектебі мен Еңбекшілдер ауданындағы Казгородок орта мектебіне соқты. Шетелдік балалар ауылдағы құрдастарымен кездесіп, волейбол ойнады, мектептің Достық аллеясына ағаш отырғызды, спорт алаңының іргетасын қалауға қатысты.

Қазақстанда болған соңғы күні шетелдік қонақтарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Мектептің баспасөз орталығы неміс достарының Қазақстан туралы  көрген-білгендері, алған әсерлері туралы пікірі жазылған қабырға газетін шығарды. Қонақтар Астана сұлулығы, Зияткерлік мектеп оқушыларының кеңпейілділігі, Бурабай өлкесінің сұлулығы, қазақтардың қонақжайлығы, мәдениеті мен ұлттық тағамдарынан алған әсерлері үшін мектепке ризашылығын білдірді.