5 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 7-сынып оқушыларының қатысуымен ағылшын тілінде «Гарри Поттер сиқырлы мектепте» атты сахналық қойылым болды.
Сахналық оқиға ерекше қабілетті, бойында сиқыр күші бар балалар ғана қабылданатын Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Magic Intellectual School сиқыршылар мектебінде өрбиді. Бұл мектептің оқушыларының өмірі таңғажайыптар мен қызықты оқиғаларға толы. Олар түрлі құпиялардың сырын ашатын сабақтар оқиды, өзара достасып, бірге би билеп, ән салады. Кішкентай сиқыршы Гарри Потер бірегей мектеп өміріне терең бойлайды. Көрермендер Гарримен бірге Хогвартс Сиқыршылар мектебіндегідей оқушылардың факультеттерге бөлінуі, олар оқитын сиқыр пәндер туралы біледі. Сахнада Шаңырақтарға бөліну, жасырын құпия бөлмені іздеу, жас сиқыршылардың құпия бөлмеден мектеп құндылықтарын тауып алған ұтымды сәті көрермендердің көңілінен шықты.
Мейірімділік пен Зұлымдық арасындағы күрес, ерекше көңіл-күй арқылы Зияткерлік мектептің басты құндылықтарын шәкірттерге жеткізген сахналық қойылымның басты мақсаты орындалды деуге болғандай.
Сахналық қойылымға дайындық барысында оқушылар ағылшын тілінде сөйлеу, тыңдау дағдыларын жетілдірумен қатар, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды. Көрермендердің зор ризашылығына бөленген 7-сыныптың өнерпаз оқушылары үшін қойылым өз қабілеттерін шыңдаудағы елеулі қадам болды.